Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген басты басымдықтардың бірі – кәсіби білікті мемлекеттік қызмет аппаратын жасақтау болып табылады. Осы мақсатта Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған байқаудың нәтижесінде үздік сардарлар анықталды. Байқау жеңімпаздарын Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Қайрат Ақтанов салтанатты түрде марапаттады.
Әскери бөлімшелердегі жауынгерлік дайындықты жетілдіру, офицерлердің біліктіліктерін арттыру, батальон, рота, взвод бойынша лауазымдық тұлғаларды іріктеу және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған байқауға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылыққа қарасты 11 әскери бөлімнен іріктелген 38 офицер қатысты. Олар Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары және Алматы қаласындағы әскери бөлімдерден қатысқан болатын.
«Ұлттық ұлан әскери қызметшісінен атқарар мамандығы бойынша білімі мен біліктілігі тиісті талапқа дәлме-дәл, жүз пайыздық деңгейде сай болуы талап етіледі. Әскеріміздің орта буын командирлері – офицерлер, келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер және сарбаздарды оқытып, тәрбиелеумен айналысатын адам. Міне, сондықтан да, үздіктерді іріктеу мақсатында осындай байқау ұйымдастырып отырмыз. Бұл байқау ең әуелі Ұлттық ұлан офицерлерін кәсіби тұрғыда шыңдалуға, білім-біліктіліктерін ұштауға және де өз елінің патриоты болуға үндейді», деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Қайрат Ақтанов.
Бұл байқау кезінде әскерилердің теориялық білімдерімен қатар тәжірибелік қарым-қабілеттері де сыналды. Олар шешуші кезеңде қарудан атып, жауынгерлік дайындықтарын сынға салды. Ақтық кезеңнің алғашқы күні офицерлер саптық дайындықтарын, мемлекеттік тіл, қызметтік тактика, жалпыәскери жарғылар бойынша білімдерін және де жеке құрамды ұйымдастыру біліктіліктерін танытты. Байқауда осал офицер жоқ, әрқайсы ерекше дайындықпен келгендерін көрсетті. Айта кететіні, оңтүстік өңірдің түкпір-түкпірінен келген сардарлар байқаудан тыс уақытта Алматыдағы 28 панфиловшы батырларға арналған саябаққа барып, Даңқ мемориалына тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Қазақстан Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бұйрығымен диплом, грамоталар және бағалы сыйлықтар берілді. Сондай-ақ байқау барысында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Фалеев жеңімпаздарды Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен марапаттады.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ