Әлем • 13 Желтоқсан, 2017

Еуропалық парламент Қазақстанмен кеңейтілген әріптестік туралы келісімді құптады

584 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сейсенбі күні Страсбург қаласында өткен отырыста Еуропалық парламент дауыс берушілердің нәтижесі бойынша Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол қоюға келісті.

Еуропалық парламент Қазақстанмен кеңейтілген әріптестік туралы келісімді құптады

2015 жылдың 21 желтоқсанында Астанада қол қойылған және 2016 жылдың 1 мамырынан бастап уақытша қолданысқа енгізілген кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді 654 депуттатың 511-і қолдаған болатын. Ал 115 парламентарий қарсы шықса, 28-і дауыс беруден бас тартты.

«Бұл келісім Орталық Азияның ең маңызды елімен саяси және экономикалық ынтымақтастыққа ықпал етеді. Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі инвосторы әрі маңызды сауда әріптестерінің бірі болып есептеледі», – деді Еуропарламенттің финляндиялық депутаты Лииса Яаконсаари.

Сондай-ақ, ол еліміз Еуроодақтың Орталық Азиядағы стратегиясын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

Ал форматтағы ынтымақтастық мына істердегі мәселелерді жандандыра түспек: сауда, энергетика және тұрақты даму, сондай-ақ, терроризмге қарсы күрес және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау секілді қауіпсіздік мәселелері.

Еуропалық парламент адам құқығы тақырыбына қатысты айтарлықтай реформалар күтіп отыр. Бұл ЕО-мен экономикалық байланыстарды нығайтуға септігін тигізуі қажет.

«Парламент Қазақстанмен адам құқығы жөнінде диалог жүргізу ісін жақсылыққа балайды. Алдағы уақытта осы мәселеде тұрақты түрде диалогқа қатысып тұрады деп үміттенеміз. Біз үлкен келісімдер екі тарапқа да айтарлықтай пайда әкеледі деп есептейміз», – деп қорытындылады Лииса Яаконсаари.

Ал Еуропалық комиссия атынан қатысқан әділеттілік, тұтынушылар және гендерлік теңдік мәселелеріне қатысты еурокомиссар Вера Юрованың айтуынша серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім ЕО-ның аймақтағы ең жақын серіктестерінің бірімен қарым-қатынас орнатудың жаңа деңгейін көрсетті. Ол Қазақстанмен ынтымақтастық орнату қазіргі сәттегідей берік болмағанын алға тартты.

«Еуропалық Одақ пен Орталық Азиядағы әріптестеріміздің арасында бірқатар ортақ мақсат бар: аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылық, терроризммен күрес, заңның үстемдігін күшейту, әл-ауқат пен сауданың жақсаруы. ЕО мен Қазақстанның жоғары деңгейдегі ынтымақтастығы іс жүзіндегі екі жақтың ортақ мақсаттары мен мүдделерін алға жылжытудың сенімді үлгісі саналады», – деді Вера Юрова.

Жаңа келісім ынтымақтастықтың 29 бағытты қамтиды. Олардың қатарына экономика, сауда, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, терроризммен күрес, климаттың өзгеруі, денсаулық сақтау, мемлекеттік қаржыны және салық салуды басқару бағыты кіреді.

Вера Юрованың айтуынша Еуроодақ Қазақстанның жасыл экономиканы насихаттаудағы міндеттерін жоғары бағалайды. Бұл Еуропалық комиссияның назар аударып отырған басты мәселелердің бірі. Сондай-ақ, ЕО-ның Орталық Азиядағы стратегиясын жүзеге асыруда Қазақстанның маңызды рөл атқаратынын да ұмытпады.

Еурокомиссар өз сөзінде халықаралық алаңда Қазақстан «аймақтық және жаһандық қауіпсіздіктегі маңызды серіктес» атанғанын айтты. Бұдан бөлек, ядролық қаруды таратпау режімін күшейту және халықаралық тұрақтылықты нығайту ісінде Қазақстан Республикасының рөлін еске салды.

Өз кезегінде Еуропалық парламент делегациясының басшысы, Еуропарламенттің латвиялық депутаты Ивета Григуле қазіргі уақытта ЕО-ға мүше 28 мемлекеттің 18-і серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімді бекіткенін атап өтті. Ол Қазақстан ЕО-ның аймақтағы тұрақты әрі конструктивті серіктесі екенін айтуды ұмытпады. ҚР терроризммен күрестің басты кепілгері екенін, сондай-ақ, жаңа келісім еліміздің «жаңа платформа мен инвестицияның құралы» болатынын мәлімдеді.

Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»