Мерейлі мерекеге орай ұйымдастырылған шараға тұрғындар көптеп жиналып, қуаныштарымен бөлісті. Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында 4,9 миллион тұрғын алаңдары пайдалануға беріліп, 800 мыңға жуық жамбылдықтар пәтерге ие болған екен. Осынау қуанышты дәстүр Әулиеата жерінде бүгін де жалғасын тапты.
Жалпы, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015-2017 жылдары Тараз қаласындағы «Арай» алқабында жоспар бойынша 19 үйдің жобасы бекітіліп, құны 8,57 миллиард теңгеге 1245 пәтерлі немесе жалпы ауданы 85,5 мың шаршы метр болатын 15 үй пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы 319,6 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспары толығымен орындалды. Ғалымжан Әбдірайымов өз сөзінде облыста ағымдағы жылдан бастап мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы іске асырыла бастағанын, аталған бағдарлама аясында 2017 жылға Республикалық бюджеттен 1,56 миллиард теңге бөлініп, жалпы ауданы 17,7 мың шаршы метр немесе 258 пәтерлі 4 үйдің құрылысы басталғанын, оның 11,9 шаршы метрі немесе 178 пәтерлі 3 үй ағымдағы жылы пайдалануға берілуде екенін айтып өтті.
Бүгін пайдалануға беріліп отырған «Қарасу» шағын ауданындағы 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы биыл шілде айында басталған болатын. Пәтерлердің жалпы алаңы 4205,6 шаршы метрді құраса, тендерлік құны 585,401 миллион теңге болған.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы