Біздің айтпағымыз жоғарыдағы Алаш қаласына қатысты «План города Алаш утвержденный 28 ноября 1916 г.» деген тақырыптық жазбасы бар Алаш қаласының сызба-картасы жайлы. Бұл суретті карта анда-мында жылт жарияланып жүргелі де оншақты жылдың жүзі болды. Тіпті өткенде, нақтылап айтсақ 24 қараша күні Астана қаласында ұйымдастырылған «Алаш − қазақтың ұлттық тұтастық идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде жоғарыдағы сызба-картаны көрмеге қойылған тарихи фотолар арасынан көріп қалдық.
Содан бұл сурет жайлы біледі-ау деген адамдарға хабарласа бастадық. Әуелі 2012 жылы Алаш қайраткерлеріне қатысты «Алашорда» атты суретті альбомды құрастырған Болат Мүрсәлімнен сұрап көрдік. Бөкең бірден Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, алаштанушы азамат Ерлан Сайлаубайға жөн сілтеп, «бұл сызба жайлы білетін адам осы» деді.
Тарихшы Ерлан Сайлаубайға жолыққанымызда фотодағы Алаш қаласының типтік сызбасын 2000 жылдары Семей қаласы облыстық тарихи-өлкетану музей қорынан көргенін айтты. «Бұл жәдігердің бүгінге жетуіне себепші адам әдебиетші-ғалым Қайым Мұхамедқанов болуы мүмкін, өйткені ол кісінің өзі Алаш қаласында дүниеге келген екен. Яғни ғалымның әкесінің үйі қазіргі Тыныбай мешітіне жақын жерде орналасқаны жайлы нақты білеміз. Бұл бірінші нұсқа. Екінші бір айтарым: 1970 жылдары Семейде тұрған партия қызметкері Екебай Қашағанов деген ақсақал сол тұстағы өлкетану музейінің басшысы Бітімбай деген адамға аузыша нұсқау беріп, «Семей қаласындағы Абайға байланысы обьектілерді (ақын ат басын бұрған, қона жатып түнеген үйлер т.б.) анықтаумен айналыс» дейді. Сөйтіп, дәуірге қатысты көптеген деректер жиналыпты. Сіз айтып отырған сызба осы кезде табылып, қорға алынған болуы мүмкін», деді Ерлан Ерназарұлы.
Осылай сызба-картаның ұшығын шығарып алған соң «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің тапсырмасымен жуықта Семейге жол тарттық. Бірден сызба-карта сақтаулы тұр деген Семей қаласы облыстық тарих-өлкетану музейіне ат басын тіредік. Бізді күтіп алған мекеме басшысы Ләззат Әлжан жәдігердің мұнда бар екенін, әрі музей қорында (фонд 31, папка 3) сақтаулы тұрғанын айтты. Сызбаға мұқият зер салсаңыз, картадағы барлық нысандар нөмірленген, масштабы көрсетілген, объектілердің орналасуы мұқият зерттелген, оның сыртында «условные знаки» (шартты белгілер) деген атаумен қаланың аумақтық сипаты да көрсетілген. Қысқасы, өте сауатты жасалған.
Жәдігермен танысқан соң Ләззат Тілеуғожақызына «Бұл жәдігер музей қорында ежелден бар ма, әлде кейін табылып, тіркеуге алынды ма?», деген сұрақты қойдық. Мекеме басшысының жауабынан түсінгеніміз, 1980 жылдардың аяғында арыстар ақталып, оларға қатысты құжаттарды іздеу басталыпты. Бұл іске Ләззат Тілеуғожақызының өзі жегілген. Іздеуші топ аталмыш музей қорын сүзіп келе жатып, 1914 жылы Семей қаласында Абайдың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналшы Назипа Құлжанованың ұйымдастыруымен ақынды еске алу кешіне қатысты дайындаған афишаны тауып алады. Дәл осы афишаға жапсырылып, біз іздеп жүрген бір парақ қағаз Алаш қаласының сызба-жоспары шыға келді.
Бірақ сызба-карта көпке дейін көпшілік назарына ұсынылмаған. Оған картадағы «28-ноября 1916 г.» деген сөз себеп болған сияқты. Бұл да ойланарлық дүние. Өйткені, Алаш қаласы 1917 құрылғаны туралы архивтік құжат бар. Ендеше «1916 жыл» қайдан жүр?
Осы орайда, Алаш қаласының тарихын көптен бері қаузап жүрген семейлік зерттеуші-журналист Мұратбек Кенемолдиннің пікірінше, сызба 1916 жылы жасалған болуы керек, кейін қалаға «Алаш» атауы берілгенде картаның бұрынғы деректі датасы ауыстырылмай, жаңадан қойылған қала атауы жазылса салған дейді. Бұл пікір көкейге қонды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Астана – Семей – Астана