Фото: Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»
Игі шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) Журналистика факультеті VI Мобильдік медиа мектебі аясында ұйымдастырып отыр. Оған Астана, Алматы қалаларынан бөлек, Жамбыл, Қарағанды, Қызылжар өңірлерінің студенттері қатысты.
Алқалы жиынға басылым басшысы Дархан Қыдырәлі қатысып, болашақ тілшілерге газеттің өткенінен сыр шертіп, жоспарлар жайлы ой бөлісті және өмірін журналистикамен байланыстыратын әрбір адам алдымен газеттің тыныс-тіршілігімен танысуы керек екенін айтты. Газет басшысының айтуынша, жаза білетін маман әрдайым сұранысқа ие журналистердің қатарында болады.
– Қазір редакциямызда жастардың қатары көбейді. Алдағы жылы да бұл үрдіс жалғаса бермек. Біз қазір интернет-редакциямызды күшейтіп жатырмыз. Осы мақсатта сайтымыз қазақ тілінен бөлек, биыл ағылшын және орыс тілдерінде ақпарат таратуды бастады. Нәтижесінде, студенттердің ағылшын тіліндегі мақалалары жариялана бастады. Міне, бұл жастарға өзін өзі көрсетуі үшін «Егемен Қазақстан» тарапынан берілген үлкен мүмкіндік, – деді Дархан Қыдырәлі.
Осыдан кейін сөз алған саяси ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева Тәуелсіздіктің қарсаңында Астана қаласына арнайы атбасын бұрғанын айта келіп, бұл кездесудің жастарға үлкен көмегі тиетінін алға тартты.
Сонымен қатар, ол ҚазҰУ ректорының ұйытқы болуымен осыған дейін «Егемен Қазақстанның» 90 және 95 жылдық мерейтойларының құрметіне бірқатар іс-шара өткенін еске салып, алдағы уақытта университет ғимаратында «Егемен Қазақстан» оқу-зертханасы ашылу жоспарланып отырғанын айтты. Бұдан бөлек, ҚазҰУ-дан келген ұстаз басылымда болып жатқан өзгерістерді, сайт бетінде жаңадан қосылған аудиоформаттағы мақалаларды қуана-қуана қабылдағанын, студенттер «Егеменнің» әрбір мақаласын оқу барысында пайдаланатынын жеткізді.
Сөз соңында Гүлмира Сұлтанбаева «Егемен Қазақстан» кітапханасына «Мәңгілік ел» как интеллектуальная матрица Казахстана» кітабын сыйға тартып, осындай келелі кездесудің өтуіне мұрындық болғаны үшін алғыс білдірді.
Студенттер кездесуден кейін газеттің өндірістік-шығармашылық бөлімдерінің, интернет-редакциясының жұмыстарымен танысып, өздеріне қызықты сұрақтарға жауап алды.