Кеше Парламент Сенатында палата Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен кезекті отырыс болды.
Күн тәртібіне сәйкес, депутаттар бірқатар халықаралық келісімдер мен шарттарды ратификациялау туралы заң жобаларын қарап, қабылдады.
Олардың қатарында Қазақстан мен Сербия арасындағы Еркін сауда туралы үкіметаралық, Қазақстан мен Азия Даму банкі арасындағы қарыз туралы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықта агроөнеркәсіптік кешендерде пайдаланылатын ауылшаруашылық техникасының, машиналардың, механизмдердің, жабдықтар мен көлік құралдарының халықаралық лизингін дамыту туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы Алматы қаласында Орталықтың орналасу шарттары туралы Мәжіліс мақұлдаған келісімдер бар.
Одан басқа Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының, оның персоналының және Кеңеске мүше мемлекеттер өкілдерінің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенция, 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама, 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заңдар қабылданды.
Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов негізгі және Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Рашит Ахметов қосымша баяндама жасады. Бірқатар сұрақтар беріліп, заң жобасының қарастыратын мәселелері анықталған соң ол бірауыздан мақұлданды.
Жақсыбай САМРАТ.