15 Желтоқсан, 2017

Намыс туралы нақыл

5701 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ата-бабалардан мирас болып жет­кен Ұлы Даланың түпкі тари­хына­ бармай, ХХ ғасыр басында, тура 100 жыл бұрын Ресей патша­лығы құрдымға кетуге таяп, ақ пен­ қызыл айқасқан кеңестік жаңа импе­рия күш ала бастаған шақта, 1917 жылы 5-12 желтоқсанда Алаш қай­раткерлерінің Алашорда автономиясын құру қадамы сан ғасыр­дың қойнауында қайнап піскен ұлттық намыстың тәуелсіз ел болуға ұмтылысының басы еді. 

Намыс туралы нақыл

Кеңестік жүйенің қуғын-сүргіні, қолдан жасаған аштығы, ату мен айдау азабының откешуінен күңірене жүріп, ғасыр соңында тәуелсіз қазақ елінің көк байрағы көтерілген күнге жеттік. Еліміздің құрыш келбеті саналатын кешегі Қазақстан магниткасы – Теміртау металлургия комбинатында металдың мықтысы шойын балқытатын от-жалын шашқан домна пешінің оттық­шысы бола жүріп, адам төзгісіз ауыр жұмысты ауыздықтауда «қой баққан қазақ шыдай ма?!» деген сөзді теріске шығарып, ұлттық намыс пен өз ісіне адалдықтың құдіретін паш еткен кешегі маман жұмысшы-металлург – бүгінгі Елбасымыз еді. Тұңғыш Пре­зидент 1991 жылы баршамызды жарқын болашаққа бастады. Мәңгілік Ел болу жолындағы бекем бірліктің үлгісін көрсететін уақыт келді.

Намыс туралы нақыл сөз, үздік ойдың иірімі өмірмен өзектес болып келеді. Айталық, халқымыз «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дейді. Ой кемеңгері Әбіш Кекілбаев «Елің теңелмей тұрып, өзің теңелмейтініңді ұқтыратын құдірет – намыс» деп толғайды. Ал Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сындағы «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген сұңғыла сөзі бірлікке бастайтын бағдаршам. Бұл адамдық арлы асыл қасиеттің, алмас қылыштай күш-қуаттың рухани қайнары ұлттық намыс биігіне жетелейді. Иә, өзіңнің туған ұяң – әулетіңді ғана емес, Отаныңды дөңгеленген дүниенің озықтарымен иық теңестіруге, бойыңды тік ұстауға жеткізетін тұғыр – «аққа құдай жақ» атты адалдықтан артық ештеңе жоқ. Дегенмен жар жағалатып жығатын, ұлтты ұятқа қалдыратын жалған намыс шылауына шырмалып қалатынымыз бар. 

Алматыға бір сапарымда қоныс той­ға құтты болсын айтып, кештетіп шы­ғып таксиге отырдым. Биік екі үйдің арасындағы тарлау жолмен үлкен даңғылға бұрылуға 2-3 метр­дей қалғанда қарсы беттен шыға келген джип бұрылып, алдымызға тоқтай қал­ды. Екі машина қарама-қарсы тұрды да қалды. Жүргізушіге «Қайтесіз, ше­гінуін сұрайсыз ба?» деп едім: «Апа, джип рөлінде отырғандар менікіндей ша­ғын көлік көрсе, жол бергенді намыс көреді. Үлкен жолдың үстінде, оң­ға, солға бұрылуға болмайтынын кө­ре тұра, артыңа түссе, бипылдатып, тықсыратыны бар. Күтемін», де­гені. Көңіліме қорқыныш кірді. «Төбелес болып кетпей ме?» деп сұрадым. «Қорықпаймын, қаруым бар» деді жүргізуші. Зәрем ұшты. Машинадан шықтым да, алдымызда тұрған көліктің терезесін ақырын қақтым. Терезе төмен сырғып ашылды. Қарасам, екі қаракөз жігіт отыр. Алдыңғы екі орындықтың арқасына сүйеніп бала тұр. Сәл шегінулерін сұ­радым. Сол жақтағы жігіт маған қарады да, жүргізушіге «шегін» дегендей ишара жасады. Діттеген жеріме жеткенше, оқтау жұтып алғандай күй кештім. Президенттің үндеуіндегі «астам­шылық пен кердеңдікке жол бермеу» деген осы екен ғой. Ойланған сайын екі орындық ортасында мәз болып кү­ліп тұрған бала бейнесі көз алдыма келе береді. «Сол тар жолда төбелесіп, арты атысқа ұласса, бейкүнә сәби мен біз­дің күйіміз не болар еді? Бұл не? Өзі­мізді өзіміз менсінбеушілікке қалай жеттік?» деген сауалға жауап іздедім. Философ Амангелді Айталының бір мақаласында «Ұлттың руханилығы тарихи жағдайларға да байланысты. Кейде ұлтына жағымсыз баға беру, кемсіту отарланған ұлт өкілдеріне тән. Өзімізді өзіміз қомсынушылық пен өзара сыйыспаушылық, өн бойымыз­ға сіңіп қалған қырғиқабақтық рухани жаңаруды, тазаруды қажет ете­ді», дегенін оқыған едім. Сонда отар­ланған ұлт өкілдеріне тән өзара сыйыс­паушылық, менсінбеушілік тәуелсіз ел жастарына қалай жеткен?..

Орыс тілінде «намыс» сөзінің баламасы жоқ екен. «Честь – абырой», «гор­дость – мақтаныш», «стыд – ар», «совесть – ұят» сөздерінің бәрі «намыс» ұғы­мының жиынтық мән-мағынасын жет­кізе алмайды. Патриот, патриоттық та толық мағынадағы балама бола алмайды. 

Сондықтан ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының «Қазақша оқымай, қазақ өзіне керек ғылым үйренбейді» деген тәмсілі руханият мәйегі ана тілінде екенін нұсқағандай... Мәдениеттің өзі осы бір риясыз жақсы көруде, ел мен жеріңе деген ерекше сезімде жатыр.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
баспасөз ардагері