Ойлап қарасаңыз, шынында да, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған аңсарлы азаттыққа жеткізген, үнемі шөміштен қаққан қыспақтан құтқарған, бір елі ауызға екі елі қақпақ қойған сенімсіздіктің темір құрсауын бұзған, еңсені басқан рухани езгіні тойтарған, сөйтіп еркін тыныс алдырған Тәуелсіздіктен қымбат не бар?
Иә, тәу етеріміз де, әспеттеп ән етеріміз де, дүйім дүниеге мақтанышпен мерейлене танытып нар етеріміз Тәуелсіздік. Мәре-сәре болар мерекеміз де, ырыс-құтымыз бен молшылық-берекеміз де осы өлгенде көрген, өшкенді жандырған Тәуелсіздігімізге байланысты.
Азаттығымыздың аңсарлы болғаны, тәуелсіздік деген тәтті сөз екені терең тебіреніспен, толайым толғаныспен әу бастан-ақ айтылып келеді. Абыздарымыз алғадай сыр толғады, ақындарымыз алдаспан жыр арнады. «Тәу» сөзімен түбірлес те туыстас Тәуелсіздік көптің көкейінде періштедей пәк, тұма бұлақтай таза. Алатаудай асқақ, Қаратаудай қатпарлы ұғым. Халқымыздың нешеме ондаған ғасырлар бойы қордаланған қазыналы қасиеті мен бір Тәңірдің шапағаты арқылы дарыған киесі Тәуелсіздігіміздің күмбір көкірегінде тоғысты. Төрт мың жылдық тарихы бар деп тұспалданып жүрген елдігіміз бен ерлігіміздің, өрлігіміз бен бірлігіміздің ең өрелі көрінісі осынау айналайын Тәуелсіздігіміз болғандығына мың мәрте шүкірана айтайықшы, ағайын.
Ендеше, Тәуелсіздік – елдің абыройы, ұлттық намысы. Осындай қымбаттан да қымбатымызға, қасиет-киемізге, ұлттық ар-ожданның нышанына иненің жасуындай, әйтпесе қылаудай кіршік түсіруге болмайтындығы әмбеге аян аксиомалық ақиқат. Бұл Тәуелсіздік, әсіресе, мемлекет құраушы ұлт – қазақтың Ары мен Намысы. Ал ар мен намыс мәселесіне келгенде азамат ердің қылы да қисаймауы керектігі және белгілі. Тәуелсіздік бізге көп нәрсе берді. Өлгенді тірілтті. Өшкенді жандырды. Алмақтың да салмағы бар. Судың да сұрауы бар. Демек, тәуелсіздіктің де Қазақстан деп аталатын елдің азаматтарына қояр өз талаптары жетерлік. Жай талаптар емес, зор талаптар. Сонымен бірге қарапайым талаптар.
Ол талаптар әуелі адал жүріп, ақ тұр, ақиқатты сөйле дейді. Аспа, таспа, мақтанға бой алдырма, даңқой-дарақылыққа салынба, құлқынның құлы болма дейді. Елге, ұлтқа қалтқысыз, алғаусыз қызмет қылуға шақырады. Жақсы өнегеден көбірек үйренуге, жаман әдеттерден арылып жиренуге үндейді. Тәуелсіздіктің өзі киелі болғандықтан оған арамдық, залалдық, ұрлық-қарлық, өтірік пен өсек мүлдем жат. Тәуелсіз елдің, яғни Қазақстанның тұғыры, шығар тауы биік боларға керек. Ол үшін, ең қажеттісі Абай хакім айтпақшы, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым, ыждағат, ынсап пен жігер, Ыбырай ұстаз айтпақшы, өнер мен білім, оқу мен тоқу болмағы ләзім. Міне, осылардан келіп, Елбасымыз жалықпай айтып жүрген, алмағайып әлемдегі отқа салса жанбас, суға салса батпас, қандай жағдайда да қын түбінде жатпас қайраулы қылыштай бәсекеге қабілеттілік қасиеті дариды. Көшбасындағылармен терезең сонда теңеседі. Азаттығымыздың аңсарлы талаптарының бірі һәм бірегейі де осы.
Бұл замандағы прагматизм жалқаулықты жақтырмайды, еріншек, бекер мал шашпақтың да ауылы алыс күресінде қалған. Сол жаман дағдылардан әлі күнге арыла алмай жатқан да, өкінішке қарай, біз сияқтымыз. Сонымен бірге тілімізге, дінімізге, ежелден бері еліміздің алтын арқаулы тіні болып келе жатқан ділімізге деген самарқаулық та әлемдік аламан бәйгеде атымызды оздырмасы, егемен мемлекетіміз діттеген отыздыққа кіргізбесі анық. Иә, дәстүріміздің озығын алып, тозығын тастап, заманға сай жаңғыруымыз керек. Іштен де, сырттан да түлеуді алға озған уақыт талап етуде.
Тәуелсіздігіміздің шарты осы. Олай болмаған күнде бар еңбек, бар құлшыныс заяға кетпек. Аңсап көрген азаттығымыздың игілігін көре алмаймыз, жемісін тере алмаймыз. Қысқасы, Тәуелсіздік тағдыры, әлемге әйгілі ерен ел болмағымыздың тізгіні де, шылбыры да, құлпының ашар кілті де өз қолымызда.
Иә, Тәуелсіздіктің қасиет-киесімен ойнауға болмайды. Олай етсең омақасып омыртқаңды сындырасың. Тәуелсіздік киесі атқаннан сақтасын дейік. Алаш арыстары аманаттаған асыл мұратқа адамдықтан жазбайық. Тәуелсіздік талаптарының үдесі осындай. Соған сай болайық, сол үдеден шығу жолында талан-талпынысымызды, қажыр-қайратымызды аянып қалмайық, ағайын. Азат ел азаматтарының әрқашан еңсесі биік, жүрегі таза, рухы қазақтың әні мен күйіндей асқақ болсын деп тілейміз. Баршамызды пәк періште Тәуелсіздік киесі қолдасын!
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»