Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Махмұт Қасымбеков жазған «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабы Президенттің туған жері Шамалған кентінен басталады. Шамалған шайы, айналадағы Тәңірі таулары... Кітапты оқығанда мынаған тағы бір мәрте көзің жетеді: адам табиғатпен, өз ошағымен, туған-туысымен, елімен, достарымен бірлікте болып, олардың қуанышына қуанып, жетістікке жеткенде қасынан табылғанда, Тәңір оған жылы қабақ танытады екен.
Тұлғаның басып өткен жолы айналасындағы адамдар үшін әрдайым қызықты. Әзербайжанда жас Нұрсұлтанның өмірі оттың арасында өткенін көбі біле бермейді. Болаттан құйылған пеште от-жалынмен шыңдалған жас оғлан кейіннен өмірдің қиын сынақтарын мойымай көтерді.
Кітапты асықпай оқып отырып тағы бір жаңалық аштым. Н.Назарбаевтың пікірлері мен әрекетінен халыққа, Отанға қызмет етуге бағытталған пәлсапа көрдім. Маңызды мәселелерге қатысты шешім шығармастан бұрын оның қарапайым адамдардың жағдайын ойлайтынына тағы куә болдым. Кеңес Одағынан бөлініп шығу үдерісі енді басталған уақытта Н.Назарбаев маңызды шешім шығарды. Ол 1989 жылдың 18 тамызындағы тіл туралы мәлімдеме болатын. «Таяуда баспасөзде тілдер туралы Қазақ КСР заңының жобасы жарық көреді, оны республика ғалымдары мен мамандарының, мәдениет қайраткерлерінің үлкен тобы ұзақ уақыт бойы дайындады. Бұл құжатқа түбегейлі баға беріп жатқым келмейді, бұл – бүкіл қазақстандықтардың ісі. Тек жобаның құқықтық тұжырымдамасының басқа республикаларда қабылданған осы тақылеттес заңдар тұжырымдамаларынан, атап айтқанда, оның интернационалдық мәнін күшейту тұрғысынан айтарлықтай ерекшеленетініне назар аударғым келеді. Жаңа заңның авторлары басшылыққа алған басты өлшемдердің бірі республикаға атын берген халықтың шынайы өркен жаюына басқа ұлттар адамдарының құқықтары мен бостандықтарына қысым жасау есебінен қол жеткізуге болмайтындығы туралы терең ой болатын. Жергілікті ұлт тілінің нақты қорғалуын барша жұртшылық түбегейлі шарадан – оған мемлекеттік мәртебенің заңды түрде бекітіліп берілуінен шын мәнінде әділ аңғарып отыр. Алайда осындай қадам жасала отырып, барлық халықтар тілдерінің еркін дамуына да заңнамалық жолмен кепілдік берілетін болады. Бұл орайда орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі өз функцияларын лайықты атқара беретін болады, ол бұрынғыдай әрбір халықтың, әрбір адамның қуатты зияткерлік әлеуетті рөлін сақтап қалады», делінген аталған мәлімдемеде.
Н.Назарбаев жасаған бүкіл қадамдарында, қабылдаған шешімдерінде елдегі халықтар достығының сақталып, қорғалуына әрдайым мән берді. Ол дүниенің кез келген түкпірінде тұтанған өртті сөндіруге әрекет еткен және бейбітсүйгіш басшы ретінде танылды. Қолымдағы әзербайжан тіліне аударылған кітаптағы мына бір бөлімге назар аударғым келеді. 1991 жылдың 19-21 тамызы еді. КСРО-да «Тамыз төңкерісі» орын алды. Көтеріліске қарапайым адамдар емес, мемлекет қайраткерлері шыққан болатын. Алып державаның күні бітуге таяды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қатты толқыды. Әлемнің назары Кеңес Одағына ауған. Кез келген күні күтпеген оқиға орын алуы мүмкін. Оқиғаны аса ыждағаттылықпен бақылаған Н.Назарбаев өз елі үшін уайымдады. Толқынысқа толы күндерде Нұрсұлтан Әбішұлы қолындағы дәптерге мәселенің мән-мағынасын былай тарқатады. «Тамыздың 20-сында кешке маған РКФСР Жоғарғы Кеңесінің ғимаратына әзірленіп жатқан шабуыл туралы дерек келіп түсті. Мен бірден Крючковпен байланыстым. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы ештеңе болмайды деп ант-су ішті. Оған сенуге болмайтынын түсініп, мен РКФСР Жоғарғы Кеңесінің ғимаратында жұмыс істеп тұрған жалғыз аппарат арқылы бірнеше рет Б.Н.Ельцинмен байланыстым, ол үрейлі хабарды растады. Борис Николаевичке өзімнің қолдау көрсететінімді айтып, бірден Янаевтың нөмірін тердім де, оған үзілді-кесілді наразылық білдіріп, РКФСР Жоғарғы Кеңесіне қарсы кез келген күш қолдану әрекетінің ең ауыр зардабы болатындығын қатаң түрде ескерттім. Содан кейін Язовқа телефон соқтым, онымен әңгіме 21 тамыз күні таңға жуық қана болды. Мен оған былай дедім: «Сіз – солдатсыз, соғысты бастан өткердіңіз. Қолыңызды өз балаларыңыздың қанына боямаңыз. Онда жастар ғана тұр». Барлық әскерді жедел алып кетуді талап еттім. Сірә, оларға осы әсер еткен болуы керек...». Жаңа Одақтық шарттың қол қойылуының тап қарсаңында өріс алған ТЖМК антиконституциялық бүлігінің төңірегіндегі оқиғалар одақтық орталық пен бірыңғай мемлекетті сақтап қалудың келешегі саяси тұрғыдан мүмкін еместігін айқын дәлелдеп берді, Коммунистік партияның беделін түсіріп, КСРО-ның тарауын жеделдетті. КОКП тағдыры мен кеңестік аса ірі державаның тағдырына осылайша нүкте қойылды».
Сол күннен бері Тәңір жер бетіне жіберген Н.Назарбаевтың иығына жаңа жүк түсті. Ол – әлемнің бейбітшілік елшісі болу! Өмірінің ең қиын сәттерінде кейде биіктікпен, кейде ақылмен мәселені шешіп отырды. Қан төгілген жерге оны сумен жуу үшін аттанды. Бейбітшілік орнады. БҰҰ-ның биік мінберлерінде дауысы естіліп, Ресей-Түркия алауыздығы туындағанда оның оң шешімін тапты.
Н.Назарбаевты біздің Әзербайжанда да өте жақсы көреді. Біздегілер оны Түркі әлемінің көшбасшысы, ақсақалы ретінде есептейді. Әзербайжан президентінің әлеуметтік және саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі, бөлім басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әли Хасанов Н.Назарбаевты заманауи Қазақстанның негізін қалаушы деп есептейді. «Н.Назарбаевтың жаңа Қазақстанды құру жолында назар аударарлық және көреген шешімдерінің бірі 1998 жылы ел орталығын Астанаға көшіруі болды. Шаһардың ашылу салтанатына барған марқұм Гейдар Әлиев елорданың Астана атануы қазақ халқына қайырлы болатынын айта келе, бұл қаланың барша Түркі әлемінің астанасы атанатынына сенім білдірді. Қазіргі таңда Астана үлкен-үлкен форумдар, халықаралық конференциялар, әлемдік өлшемдегі шаралар өткізетін мекенге айналды», дейді ол.
Жалпы, Қазақстан – түркі әлемінің астанасы. Астана қаласы – Н.Назарбаевтың тарихта қалатын қолтаңбасы. Астана шаһарын елорда ету арқылы шаһардың заманауи келбеті қалыптасты. Әзербайжан мемлекеттік мәжілісінің депутаты, саясаткер Расим Мұсабаевтың пікірінше, Н.Назарбаевтың көрегендігі мен ұтымды саяси шешімдерінің арқасында Қазақстан өте аз уақыт аралығында кеңестік шынжырдан құтыла білді. Ол еліндегі бейбітшілік, амандық пен саулықтың кепілі болды. Қазақстанның халықаралық аренада ЕҚЫҰ саммитін өткізуі, Тәуелсіздік алған тұста БҰҰ құрамына енуі, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуі – қазақ Көшбасшысының көреген саясатының нәтижесі.
Әзербайжан саясаткері және мемлекеттік уәкіл Расим Мұсабаев Н.Назарбаевпен 90-жылдардағы кездесуінің әсерімен былай бөліседі: «1991 жылдың тамызы еді. Мен Әзербайжан президентінің кеңесшісі болып қызмет атқаратынмын. Нұрсұлтан Назарбаев Таулы Қарабақтағы Армения-Әзербайжан шиеленісін шешу мақсатында Борис Ельцинмен бірге келді. Осы сапардан кейін де Нұрсұлтан Назарбаевтың КСРО-ның мемлекеттік кеңестерінде, ТМД саммиттерінде әрдайым Әзербайжан тарапын қолдағанының куәсі болдым. Екіжақты және халықаралық мәселелерді шешу барысында, екі өлкенің жағдайы шиеленіскен, жағдайы мүшкілге айналған сәтте бейбітшілік елшісі Нұрсұлтан Назарбаев хақтың дауысын жеткізіп, соңғы шешімді айтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың басқарған Қазақстан – қазіргі таңда Әзербайжанның стратегиялық әріптесі. Сондай-ақ ұзақ жылдар Әзербайжанды басқарған Гейдар Әлиевпен, қазіргі Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен бірге оның мәңгілік достығы жалғаса береді».
Түркі әлемі көшбасшысының өмірінен ақпарат беретін кітапты аударған кезде оның достық пен сенімге маңыз беретінін түсіндім. Н.Назарбаев туралы әзербайжандық «Даңқ» орденінің иегері Сабыр Рүстемханлының айтуынша, Қарабақ үстін қара бұлт жапқанда, армениялықтар Әзербайжан топырағын таптап өткенде Н.Назарбаевтың түркі әлеміндегі рөлі анық байқалды. Отанымыздың жағдайы ауыр кезеңде Ресей президенті Борис Ельцинмен бірге Бакуға келген Нұрсұлтан Назарбаевтың көздерінен өте тереңдік көрдім. Мен оған халықтың қалауын жеткіздім. Н.Назарбаевтың көзіндегі тереңдік 1986 жылғы желтоқсанда Алматыда шеруге шыққан боздақтардың табы еді. Ол халқымыздың басына түсетін жағдайды түсінді. Сабыр Рүстемханлы Г. Әлиев пен Н.Назарбаев бір-бірін қатты сыйлағанын айтады.
Н. Назарбаев Түркі әлемінің абыз көшбасшысы ретінде ең маңызды мәселелерге алғаш болып араласады. Оның әліпби ауыстыруға қатысты шешімі халықтың тарихы мен мәдениетіне орайластыра жасалған іргелі шешім. Біз бір Көктен тараған бауыр халық ретінде Н.Назарбаевтың бастамаларын қолдаймыз.
«Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабын аударып біткеннен соң Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы келешектен өткенге, өткеннен келешекке көпір болғанын көрдім. Оның өткенді ұмытпайтын ерекшелігі бар. Түркі әлемінің көшбасшысы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ата-бабамыздан бізге мұра болып қалған мәдениетімізге негізделе отырып, мәдениет пен тарихты сақтап қалудың жолдарын ашып көрсетті. Тәңір Нұрсұлтан Назарбаевты сынақтарды мойымай көтеріп, халыққа қызмет етер Қаған болсын деп жіберді. Осы тұрғыдан қарағанда, оның әрекеті Көк Түркілердің, Тоныкөктің, Білге қағанның тастарға жазып, бізге жолдаған жазбаларында айтылған «Көктен көк құлағанша, жерде жер жарылмайынша, Түркілердің бірлігін ешкім бұза алмайды...», деген жазудың жалғасы іспетті. Н.Назарбаев қазақ тарихының өткеніне күмәнмен қарағандардың жоспарын асты-үстіне түсірді.
Бүгінде 127 этносты бір арнаға тоғыстырған Қазақстанның қуанышы мен жетістігіне барша түркі әлемі қуанады. Қазақстан Президенті аймақта, өз өлкесінде тұрақтылық пен келісімнің кепілі болып отыр. Мемлекеттің түбі Түркі, өзі қазақ екеніне бәрінің көзін жеткізді. Яғни кез келген адам бұл жерде өзін қазақ сезіне алады.
Оның әр пікірі пәлсапа мен ойға толы. Ол ең ауыр әрі қиын кезеңдерде басшылық көрсетіп, мәселенің оңтайлы шешілуінің жолын тапты. Елдегі экономикалық және саяси тәуелсіздіктен бөлек, тәуелсіз ойлануға мүмкіндік туды. Бүгінгі таңда қазақ халқы Кеңес Одағының мәжбүрлеген тілінде емес, өз Ана тілі – қазақ тілінде сөйлеп, өз тілі мен болмысын көрсетуге қол жеткізді. Қазақ жастары «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің үздік оқу орындарында білім алып, Отанының дамуына, тарихты жаңадан бастауға кірісіп кетті. Қазақстанның оңтүстігінде ерекше жоба қолға алынды. Оның аты – «Серпін». Қар астынан шыққан бәйшешек секілді «Серпін – 2050» бағдарламасы Қазақстанның мемлекеттік бірегейлігін нықтауға арналған жоба.
Әзербайжандағылар Түркі бірлігі Қазақстан шаңырағы астында жүзеге асатынына сенімді.
Аида ЭЙВАЗОВА,
журналист-публицист
БАКУ (Әзербайжан)