06 Ақпан, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

1136 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ИРАКТАҒЫ СОҒЫСТЫҢ САЯСАТТАҒЫ САЛДАРЫ Соңғы аптада әлем, әсіресе, Еуропа телеарна­ларының басты тақырыбы Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің Ирактағы соғыстың басталуына байланысты тәуелсіз комиссияға жауап беруі болды. Оны телеарналар апта бойы күн сайын қайта-қайта көрсетті. Жеті жыл бұ­рын АҚШ-тың Иракқа басып кіріп, ондағы Сад­дам Хусейн­нің режімін құ­лат­қан соғысы туралы әңгіме, оған баға беру әлі де тоқтамай ке­леді. Біреу ақ­тай­ды, біреу даттайды. Баста­машысы АҚШ болған соғысты белсенді қолдаған елдер оған өз әскерін де қосты, қаржылай көмек бергендер және бар. Сол соғыстың салдары қазір жұрттың көз алдында. Мыңдаған адам қаза тапты, жүздеген мил­­ли­ард доллар қаржыны сол соғыс­тың жалмағаны өз алдына, бұл елде әлі тыныштық орнай қойған жоқ. Қаншама дүние қирады, халық қаншама мәдени, рухани құндылықтарынан айрылды. Со­ған кім жауап береді? Сірә, Ұлы­британияда құрылған парламент­тік тәуелсіз комиссияның мақ­са­ты да белгілі дәрежеде соған жау­ап іздеу еді. Оны белгілі қай­раткер Джон Чилкот басқарады. Басқа одақтас елдер белсенді қолдамаса, АҚШ бұл соғысты бас­­­­­­­­­­­­­­тамауы да мүмкін еді. Жалпы, бұл мәселе БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңе­сінде талқыланып, Саддам Ху­сейнге барынша қатаң талап қой­ғанда, мәселенің соғыссыз да ше­шілу жолы болған. Ондай талапқа Ресей қарсы болды да, АҚШ сонда соғыс жолын таңдады. Оны Ұлыбритания белсенді қолдады. Сонда бұл елдің премьер-ми­нистрі Тони Блэр еді. Оған қазір неге қолдадың де­ген айып тағылады. Сол соғыста британ әскерилері де қаза тапты. Тіпті соғыс басталған кезде Сад­дам Хусейнге тағылған айып – жаппай қырып-жоятын қарулар, яғни химиялық және биоло­гия­лық қарулар онда болмаған, олар жойылған екен. Бұл жайында сол кездегі барлау орындары британ үкіметіне де хабарлаған көрінеді. Тони Блэр мұндай сұраққа тосылған жоқ: әңгіме Ирак диктаторында болып отыр. Ол орнында қалғанда ондай қарулар оп-оңай пайда болар еді, дейді ол. Комиссия бұрынғы премьер-министрді алты сағат бойы тер­ге­ді. Оның үш са­ғатында Тони Блэр ақталу сө­зін сөй­леді. Сө­зі­нің со­ңында ол: “Мен сонда қа­былдаған ше­шім­ді қазір де қа­был­дар едім”, деді. Бұл – бұрыннан айтылып келе жатқан Ирак соғысы туралы пікірлердің бір парасы. Қанқұйлы диктаторды ауыздықтау керек еді, ол жүзеге асты, дейді олар. Сол жолда адамдардың өлім-жітімге ұшырағанына бұлар өкініш білдіреді. Бірақ зұлымдықты жою да тегінге түспейді. Сірә, елде біраз шу тудырған осынау “тәуелсіз комиссияның тергеуін” ұйымдастырғандар діт­теген ойларына жете алмағандай. Тони Блэрдің қанды портрет­терін, сайқымазақ қуыршақ мү­сін­дерін көтерген шерулер апта бойы созылып, ол күн сайын бү­кіл әлем телеарналарынан көрсе­ті­ліп жатса да, бұрынғы прем­ь­ер­дің одан беделі түсе қой­мағандай. Қайта одан ол біраз ұпай жина­ғандай көрінеді. Оның өз сөзінде тұратын, пікірінен қайтпайтын, қажеттілік туғанда өзін қорғай білетін қайсар қайраткер бейнесі орныққандай. Бұрын да оның беделі биік еді. Оның оқыған лек­цияларына 80 мыңнан 270 мың долларға дейін гонорар төленетін. Атақты JP Morgan және Zurіch Fіnancіal Servіces Group сияқты қаржылық алыптарға кеңесшілік қызмет көрсетер еді. Осынау комиссияны құрып, кінәні Блэрге артып, одан өзіне біраз ұпай жинамақ болған қазіргі премьер-министр Гордон Браун шын мәнінде айтарлықтай ұтыл­ған сыңайлы. Ол алда сол комис­сия­ға өзі де жауап береді. Сол со­ғыс ке­зінде Браун қаржы минис­т­рі бол­ған. Сол кездегі билік пар­тия­сы­ның қазіргі көсемі де өзі. Біраз таяқ өзіне тиеді. Бұл комиссия Гор­дон Браунға ғана емес, биылғы болатын парламент сайлауында жалпы лейбористер партиясына да қатты соққы болып тиюі әбден мүмкін. ЕСЕБІ БАРЛАР ЕРТЕҢІН ЕРТЕ ОЙЛАЙДЫ Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевтің билік мерзімінің бітуіне әлі төрт жылдан аса уақыт бар. Сөйтсе де келесі сайлауда бұл елде президенттікке негізгі үміткер кім болады деген әңгіме қазір-ақ айтылып жатыр. Жұрттың аузына Бакиевтің кіші ұлы Максим Бакиевтің есімі көбірек түседі. Бұған се­беп­ші болған да пре­­зидент Ба­киев­тің өзі. Ол өткен жы­­лы 14 желтоқ­сан­да кон­с­титу­цияға өзгер­тулер енгі­зуге біраз ұсы­­ныс жасады. Соның ішінде жұрт на­зарын аударғаны – мемлекет басшысының өкілдігін биліктегі тұлғаның орындай ал­май­тын жағдайында уақытша басқаға беру шараларын өзгерту туралы ұсыныс. Қазіргі конституция бой­ын­ша, ол алдымен парламент спи­ке­ріне, оның реті келмесе, үкімет тө­рағасына жүктеледі. Ал жаңа ұсы­ныс бойынша, президент өкіл­дігін алатын тұлғаны президент жа­нындағы арнайы кеңес шешеді. Бір сөзбен айтқанда, президент қалаған адам таңдалады. Жұртшылық, әрине, ең алды­­мен оппозиция бұл адамды қа­зір­дің өзінде президенттің кіші ұлы 32 жастағы Максим Бакиев санап отыр. Оған да негіз бар. Бұ­рын же­­ке бизнеспен айналысып кел­ген кі­ші Бакиев өткен жылғы 29 қазанда аяқ астынан мемлекеттік қызметке тартылды. Даму, инвес­тиция және инновация жөніндегі орталық агенттік (ДИИОА) деген құрылып, оған жетекші болып тағайындалды. Және осынау жаңа органға елдің барлық экономи­ка­лық блогы жинақталды. Бұл жағдай ел ішінде әртүрлі сөз тудырды. Ең алдымен Ба­киев­тердің барлық билікті өз қолда­рына шоғырландырғанына сын да айтыл­ды, наразылық та білдірілді. Бірақ мұны да бұл елдегі қалыпты жағдай деп қабылдауға болғандай. Әдетте бұл елде билікке қарсы түрлі шара­лар ұйымдастырылып жатады. Он­ың кейбіріне қарап, мұның өзі қо­ғамда үлкен жарылыс тудырар деп қауіп қылсаң, бірақ келесі күндерде ол сабасына түс­­­кенін көресің. Со­дан да Мак­сим Бакиевтің биліктегі қызметі де өзі­нің жалғасын та­ба­­ты­ны күмәнсіздей. Сөйтсе де, бұл елде саяси топтар­дың бір-бірін қа­ралауы, бұл ретте ақпарат құрал­да­рын пай­далану да үйрен­шік­ті жай­дай кө­рінеді. Бұл үшін кейде басқа ел­дер­дің ресурс­тары да іске қо­сылып жатады. Жа­қында ТМД елдері институты аймақ­тық фи­лиалының дирек­­торы, Қырғыз­стан проблема­ла­рына ма­ман­дан­ған Ресей саясат­та­нушысы Алек­сандр Князев деген Ресейде Мак­сим Бакиевтің иелі­гіндегі 18 компанияның есеп-шот­тары жа­бы­­лып, жұмыстары тоқ­тал­ғанын ха­барлады. Тіпті оған Кремльдің өзі назар аударып от­ыр­ғанын айт­ты. Бұл хабарды М.Ба­киев теріске шығарып, жала деп көрсетті. Және оны тек өзінің же­ке басына емес, бүкіл елге қар­сы жасалған әрекет деп бағалады. Осыдан да біраз жайды аңғар­ғандай боласың. Кіші Бакиев өзін бүкіл ел тағдырымен байланыс­тыр­ғандай дәрежеде көтеруін де артық көрмейтіндей. Оның қоғам­дағы орны барған сайын артып ке­ле жатқандай. Тіпті оған қарсылар­дың пікірі де сондай ойға жетелейді. Қырғыз ағайындар қашанда сая­сатта белсенді. Кейде револю­ция да жасап, біраз нәрсені төң­ке­ріп тастап, артынан одан еш­нәрсе өнбеді деп өкініп жатады. Кезінде сондай революциямен Ба­киевке билік тізгінін ұстатса, енді бүгін оған қарсы көтерілуге әзір адамдар да аз емес. Бір ша­руаға кей­де асы­ғыс кірісіп кетеді де, ұз­ақ уақыт ай­тысып, тартысып жа­та­ды. Алда ен­ді төрт жылдан кей­ін болатын пре­зидент сай­лауы­ның да үні естіліп қалды. Тым алыс қой. Оған жет­кен­ше жұрт ентігіп, шаршап қал­май ма дейсің. Одан басқа да күнделікті күнкөрістің қат-қабат шаруалары бар. Мамадияр ЖАҚЫП.