Президент • 15 Желтоқсан, 2017

М.Құл-Мұхаммед: «Тәуелсіздік дәуірі» – Президент өзі жазған тәуелсіздік энциклопедиясы

49 реткөрсетілді

Тәуелсіздік күніне орай Астанадағы Елбасы кітапханасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтуде. Презентацияны жүргізген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа кітапты Президент өз қолымен жазған тәуелсіздік энциклопедиясы деп бағалады.

Фото: Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»

Еліміздің ең ұлық мерекесі – тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа кітапқа ерекше бағасын берді.

«Тәуелсіздік дәуірі» – Елбасының жүрек төрінде сақтаған, тұмадай тұндырылған тұнық сырлары, ой толғанымдары топтастырылған кітап.  Онда 30 жылдық кейінгі тарихымыз қамтылған. Жаңа кітап – Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған тәуелсіздік энциклопедиясы», деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Қазақстанның бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік, үш бірдей жаңғыруды ойдағыдай өткізе білген абыройлы мемлекет екенін айтқан партия төрағасының бірінші орынбасары тәуелсіздік заманы Қазақстан үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат дәуір екенін айтты.

«Алдарыңыздағы кітап – Елбасының бәріміз үшін ең қасиетті құндылық саналатын тәуелсіздік туралы ой-толғамдарының жиынтығы. Ендеше бұл көп ұзамай-ақ барша қазақстандықтардың сүйіп оқитын кітабына айналарына кәміл сенемін», деді М.Құл-Мұхаммед.

Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған кітапта егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, «Нұр Отан» партиясының басшылығы мен мүшелері, ғылым, зиялы қауым, ақпарат құралдары және жастар ұйымдарының өкілдері, сарапшылар мен студенттер қатысты.

Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар