Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2017

Шымкентте Тәуелсіздік күні 558 отбасы қоныс тойын тойлады

453 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігі қарсаңында Шымкент қаласының тұрғындарына тамаша тарту жасалды. Қуанышқа бөленген қаладағы 558 отбасы бүгін қоныс тойын тойлауда.

Шымкентте Тәуелсіздік күні 558 отбасы қоныс тойын тойлады

Нұрсат шағын ауданында бой көтерген көпқабатты 11 тұрғын үй «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының екінші бағыты бойынша салынған. Жалпы 31,5 мың шаршы метр болатын үйлердегі 558 баспана кілті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары мен жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтарға берілді.

Әкімшілік-іскерлік орталығында пайдалануға берілген 9 қабатты 48 пәтерлі екі тұрғын үйдегі баспана кілтін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев, Шымкент қаласының әкімі Н.Сауранбаев және қалалық мәслихатының хатшысы Н.Бекназаров арнайы табыстап, барша тұрғындарды жаңа қоныспен құттықтады.

«Елімізде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде мемлекет қолдауының нәтижесінде облысымызда баспанаға қолы жетіп, қоныс тойын тойлап жатқандардың қатары аз емес. Мәселен. Осы жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында Шымкент қаласында 83 тұрғын үйдің яғни 5052 пәтердің құрылысы басталған болатын. Бүгін мерекесі қарсаңында осы тұрғын үйлердің 11-і, яғни, 558 пәтер беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы да арендалық 1152 пәтер болатын 16 тұрғын үйдің құрылысын пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Демек, осы айдың өзінде қаншама отбасы қоныс тойын тойламақ. Бұл егеменді еліміздің жемісі деп білемін», - деп айтты аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы баспаналы болған тұрғындарға балаларының атынан бір-бір ағаштан отырғызып, соны күтіп баптауды ұсынды.

Жалпы 2017 жылы барлық қаржыландыру көздері арқылы облыста 279 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ол жалпы шаршы метрі 995,7 мың болатын 14 694 пәтер. Жыл соңына дейін аталған үйлердің 109-ның яғни 5893 пәтердің құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. 

2017 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыстағы жалпы жеке және көпқабатты 547,1 мың ш.м. тұрғын үй пайдалануға берілді, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 4,1 пайызға ұлғайған.