Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Дәурен Абаев ақпарат саласының үздіктерін марапаттады

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік мерекесіне орай Астанада ақпарат саласында табанды еңбек етіп жүрген кіл үздіктер марапатталды. Мерекелік шарада сөз алған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазақстандықтарды атаулы мерекемен құттықтай келе, ел дамуының тұрақтылығын тілге тиек етті.

Дәурен Абаев ақпарат саласының үздіктерін марапаттады

«Не нәрсеге қол жеткізсек те барлығы тәуелсіздіктің арқасында келіп отыр. Егемендік болмаса, бүгінгі тағдырымыз басқа арнада аққан болар еді. Біз мұны бағалау керекпіз. Бұл тарапта Елбасымыздың да алар орны ерекше», деген министр бүгінгі шараның маңызы зор екендігіне тоқталып өтті.

«Бүгінгі марапаттың артында сіздердің жылдар бойғы қажырлы еңбектеріңіз жатыр. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің атынан баршаңызды осы бір аяулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Біздің тәуелсіздік жылдарындағы жаңа дәуіріміз енді басталды», деген Дәурен Абаев журналистикада қажырлы еңбек етіп келе жатқан үздіктерді ортаға шақырып, арнайы марапат көрсетті.

«Егемен Қазақстан» РГ» АҚ шолушысы Жылқыбай Жағыппарұлына Құрмет ордені табысталса, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Олжабай қызы ҚР Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал «KAZsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин Ерен еңбегі үшін медалін кеудесіне тақты. «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Baq.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Ержан Әбдіраман, «Іле өңірі-Или тәвәси» газетінің бас редакторы Әбдуманап Аблизов, «Талдау және ақпарат орталығы» РМК дәстүрлі БАҚ мониторинг департаменті аймақтық БАҚ Басқармасының бастығы Сәбина Асанбекова, «Қазақпарат» ХАА ЖШС қазақ редакциясының шығарушы редакторы Гүлмира Әлиакпарова, «Қазақстан» РТРК» АҚ «Парасат майданы» бағдарламасының авторы және жүргізуші Дархан Әбдік, «Арқа ажары» газетінің бас редакторының орынбасары Байқал Байәділов, ОКҚ талдау РММ Басқармасының бас сарапшысы Малика Болатқазықызы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Берік Дүйсетай, «Қазақстан» РТРК» АҚ Коммерциялық қызмет жөніндегі департаменті Алматы қаласындағы сату бөлімінің бастығы Құзатбек Есжанов, Strategy2050.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Дәулетхан Жиенқұлов, «Хабар 24» арнасы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Аманкелді Сейітханов, «Балапан» телеарнасының директоры Жанар Шәмел, «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда филиалының директоры Жағыппар Қарабала, «Қазақпарат» ХАА ЖШС контент және жылжыту Басқармасының бастығы Нұргүл Кенжебекова, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ саясат және құқық бөлімінің шолушысы Әлисұлтан Құланбай, «Казахстанская правда» РГ» АҚ саясат бөлімінің шолушысы Юлия Магер және осы газеттің өндіріс бөлімінің шолушысы Әсел Мұқанова марапатталса, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ аға тілшісі Динара Бітік және өзге де медиа саласының жүйріктері Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мақтау қағазына ие болды.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»