Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2017

Қызылордалық 210 отбасына жаңа пәтер кілттері табысталды

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қызылордада Жаппасбай батыр көшесіндегі 2 көпқабатты үйдің тұрғындары жаңа қонысқа көшті. Жалдамалы тұрғын үйдің кілттері халықтың әлеуметтік жағдайы шектеулі топ өкілдері - көпбалалы отбасылар, мүгедектер, соғыс ардагерлері мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған азаматтарға табысталды.

Қызылордалық 210 отбасына жаңа пәтер кілттері табысталды

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен және қоныстойымен құттықтады.

"Биыл біз облыс орталығының күрмеулі мәселелерінің бірін шештік, апатты үйлерді жойып, тұрғындарды жаңа қонысқа көшірдік. Соңғы 4 жылда облыс орталығында 7 мыңнан астам тұрғыны бар 12 шағын аудан бой көтерді. Бұдан бөлек, Сырдарияның сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысы басталды», - деді облыс әкімі.

Балалар үйінде тәрбиеленген Бауыржан Ибраев баспаналы болғандардың атынан облыс басшылығына алғыс айтты.

«Осындай қолдау көрсетіп отырғандарыңыз үшін мың алғыс. Біз, жастар, сенімдеріңізді ақтап, өңірдің өркендеуі үшін аянбай еңбек етуге әрқашан дайынбыз», - деді ол.

Сондай-ақ, жерлестеріне академик Асқар Жұмаділдаев та жылы лебізін жеткізді.

«Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялаған 360 депутатының бірі мен болатынмын. Сол уақытта Қызылордада, осы ауданда тұрдым. Әлі есімде, сол кезде бұдан да суық қыс болды, су, жарық, жылу, жол жоқ. Біз де бүгінгідей елдігімізді, егемендігімізді сақтап қала аламыз ба деген уайым болғанын жасырмаймыз. Ал енді Қызылордамыз қалай көркейіп, ұандай керемет үйлер салынып жатқанын көріп, қуанып отырмыз!» - деді академик.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қалада 61 көпқабатты үйдің құрылысы жүруде. 4 жарым жылда аймақта құрылыс көлемі 3,5 есеге өссе, облыс орталығында 8 есеге артты.