Иә, қанды оқиға орын алған Алматының сол кездегі Жаңа алаңы. Суретте наразылық танытуға жиналған студенттердің бейбіт бейнесі. Шеп құрып, талап білдіріп тұрған жастардың үлкен шоғыры дәл осы күні кешқұрымда алаң алай-дүлей болып, қарулы әскердің шабуылына ұшырайтынын білмеген еді. «Метель» операциясының басталуына санаулы сағаттар қалған болатын...
Біздің кейіпкеріміз – осы суретте бейнелеген қайсар қазақ қызы Ақшагүл Жемісбаева. Тұтасып тұрған топтың екінші қатарында, ақ түсті бас киіммен, жылы жымиып тұрған бойжеткен – Ақшагүл. Ол кезде Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің 4-курсында оқып жүрген. Өзі оқу озаты, әрі комсомол, топтың старостасы еді.
– Орыс тобында оқыдым. Тобымызда ауылдан келген жастар көп болды. Ол кезде қазақ бөлімдеріне қарағанда, орыс тобына оқуға түсу жеңіл сияқты еді. Сөйтсек, бұл да бір саясат екен ғой, орыстана берсін деген. Бір үйдің баласындай татумыз, бірлігіміз бекем болатын. Әрі жалындап тұрған отаншыл едік. Желтоқсан оқиғасынан екі-үш күн бұрын студенттер арасында бір толқудың басталғаны анық сезілді. Намысты оятатын, сезімді қайрайтын сөздер айтыла бастады. Бойымызда бір жалын тұтанды. «Егер 3 күн қатарынан наразылық білдірсек, Мәскеу шешімін өзгертеді екен. Алаңда болуымыз керек», деген үндеу тасталғанда тобымызбен орталыққа тарттық. Мен топ старостасы болғандықтан алдыңғы шеппен келдім, – деп еске алады Ақшагүл ол күндерді.
Суретте алдыңғы қатарда кілең жігіттердің тас-түйін болып тұрғаны анық байқалады. Арандатушылардан сақтанған азаматтар қыздарға да қорған болып, оларды арқа тұстарына алған. Алаңға 17 желтоқсан күні шаңқай түс шамасында барған Ақшагүлдің курстастары кешкі 17.00-дің кезінде жатақханаға қайтқан. Бұл кезде алаң тыныш еді. Сағат 18.00-ден өте сирена ұлып қоя беріп, ит жетектеген, сапер күрекпен қаруланған әскер шерушілерге лап қойған болатын. Арғысы... ащы тарих.
Ақшагүлдің алаңда болғанына бұлтартпас айғақ болған бұл суретті арнайы қызмет өкілі түсірген болуы керек. Ертесі сабаққа келгенде оқу орны басшылары тарапынан қысым басталған. Топтағы студенттер соған қарамастан, тағы да алаңға шыққан екен. Ақшагүл де құрбыларымен орталыққа жете алмай, қоршау сыртындағы жасақшылардың қолына түсіп қалады. «Жасақшылар бізді темір таяқтың астына алғанда бір топ жігіт арашалап, «Қашыңдар, кетіңдер...», деп жанұшыра айғайлады, қыздар сытылып үлгердік», дейді Ақшагүл.
...Факультетте үлкен жиын өтіп, «Алаңда нашақорлар мен маскүнемдер жиналды», деп айыптау басталғанда ызадан жарылардай болған Ақшагүл орнынан атып тұрып: «Мен алаңда болдым, онда ешқандай мас адам болмады, біз өзіміз ғана болдық», деп жылап жібереді. «Осыдан кейін маған қазір елімізге белгілі бір үлкен кісі, оқытушымыз дүрсе қоя беріп: «Бұл – шовинстка. Ұлтшыл. Сабақта «АЗиЯны оқып отырады» деп айғай салды», дейді желтоқсаншы. Мұнан кейінгі жағдайдың желісі таныс. МҚК тергеуі, комсомолдан қуылу, диплом алғалы тұрғанда оқудан шығарып жіберу...
– Ештеңеге өкінген емеспін. Тек әкемнен ұялдым. Ол кісі бар өмірін компартияға арнаған еді. Менің қылығымды оның да бетіне салық қып басып, жиналыста жазалапты. Кейін ақталдық, құқығымызды қалпына келтірдік. Мемлекет тарапынан марапат та алдық. Бірақ мені Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың атын жамылып, өздерін сол күннің батыры етіп көрсеткісі келетіндердің көптігі алаңдатады. Мысалға, осы суреттегі менің орныма таласушылар бар. Суретті шығарып алып, «Ақ түсті бас киім киген қыз менмін», деп әкімдікке барып, жеңілдік сұрап жүрген бірнеше адам бар дейді. Таныстарым, достарым оларды заң жолымен жазалауды айтады. Мен әркімнің ар-ұяты білсін деймін. Ол қасіретті күндердің азабын, жүрекке салған жарасын басынан өткізген адам ғана түсінеді, – деді біздің кейіпкеріміз.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ