11 Қараша, 2011

Мағжан рухына арналды

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында облыс әкімі С. Білә­ловтің бастамасымен “Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған!” атты бірінші респуб­ликалық өнер фестивалі ұйымдасты­рылды. Мәдени шара Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өтіп, алты Алаштың ақиық ақыны Мағжанның рухына арналды. Ән мен жыр кешіне еліміздің әр қиырынан көптеген үміткерлер қатысып, жазба ақындардың Мағжанға арналған мү­шәйрасы, Мағжан өлеңдерін мәнерлеп оқу, Мағжан өлеңдеріне жазылған жаңа әндер аталымдары бойынша бақ сынасты. Фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Серік Біләлов Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарса­ңында мұндай шараның ұлы ақынның кіндік кескен жерінде өтуі солтүстік­қазақстандықтар үшін үлкен мәртебе екенін айта келіп, ақын шығарма­шылығын зерттеуге сүбелі үлес қосып келе жатқан облыстың құрметті азаматы Мүтәллап Қанғожинге жеңіл көліктің кілтін тарту етті. Сәбит Мұқанов атын­дағы облыстық ғылыми әмбебап кітап­хана ұжымы алғыс хатқа ие болды. Құрамында Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” АҚ вице-президент – бас редакторы Жанболат Аупбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлей­менов, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бас дирек­торы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұхтар Өтеуов, тағы басқа белгілі азаматтардан тұратын қазылар алқа­сы жазба ақындардың Мағжанға арнал­ған мүшәйрасында Алматы қаласынан келген Жәркен Бөдешұлын бірінші жүлдеге лайық деп тапты. Мағжан өлеңдеріне жазылған әндер байқауында белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаевтың шоқтығы биік болды. Мағжан өлеңдерін мәнерлеп оқуда астаналық ГауҺар Жүсіпова алдына жан салмады. Фестиваль жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнаулы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.