Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мұрындық болуымен өткен шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарына демалыс орнына барып-қайтатын автобустар (шаһардағы автобус бағасымен) ұйымдастырылып, демалушылар арқан жолдарымен тегін көтеріліп, шаңғы тебуге мүмкіндік алды.
«Шығыс Қазақстанның табиғаты көркем, аймақта туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Қазір өңірде қысқы туризмді өрістетуге көп көңіл бөлініп жатыр деуге болады. Қысты туризмді дамытуға қолайлы орындардың бірі – «Алтай Альпісі» тау шаңғысы кешені. Сондықтан да осы жерді арнайы таңдап, іс-шарамызды өткізіп жатырмыз. Әсіресе жастардың қысқы спорт түрлерімен шұғылдануына ерекше ден қойып отырмыз. Өскемендегі «Үміт» балалар үйінен 60 баланы демалыс орнына арнайы шақырдық. Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгін халық көп жиналды. Мұндай шаралар басқарма тарапынан алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады», - дейді аталған басқарманың туризмді дамыту бөлімінің басшысы Раушан Мұстафина.
«Бүгін таза ауаға шығып, шаңғы теуіп сергіп қалған жайымыз бар. Өскеменнен демалыс базасына дейін автобустар шығарылғанына қала тұрғындары ризашылықтарын білдіріп жатыр. Осындай автобустар әр апта сайын сенбі немесе жексенбі күндері тұрақты түрде жүретін болса, қысқы туризмге қызығушылар қатары арта түсер еді», - дейді Өскеменнен шаңғы тебуге арнайы барған блогер, қоғам белсендісі Әділ Қаратай.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»