Әдебиет • 21 Желтоқсан, 2017

Нұрғали Ораз. Ескі мен жаңа

954 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өмір заңы

Әжемді жер қойнына тапсырып келгенімізге екі күн болған-ды. Нағашы апам бесін шамасында есік алдына шығып, кенеттен солқылдап жылап жіберді.

Нұрғали Ораз. Ескі мен жаңа


«Апыр-ау, қазір ғана осы жер­ден өткен сияқты, – деді жау­лы­ғының ұшымен көзін сүр­тіп. – Жарықтық, жайнамазын қол­ты­ғына қысып, анау ағаштың кө­леңкесіне барып, намаз оқиын деген­дей болғанын қарашы...»

Жүрегім шым ете түсті. Әжем жаздыгүні дәл осы уақытта бесін на­мазын сол бір өрік ағашының кө­лең­кесінде отырып оқушы еді...

Өзгеріс нышаны

Екінші сыныпта оқитын бала­мыздың бір досы жаңа пәтерге көшіпті. Күні бойы сол жақта болып, өзінше қолғабыс жасап келген ол кешкілік бізге мынандай бір қызық жаңалық айтты:

– Олардың жаңа пәтері жар­қырап тұр! Міне, мынауский!!! (Бас бармақты қайқайтты.) Есік, терезе, еден, қабырға – бәрі-бәрі жап-жаңа. Бірақ папасы мен мамасы әлі сол бұрынғысынша ескі боп жүр!..

Бәрекелде-е, үй өзгерді екен деп, адамдар да аяқ астынан өз­геріп шыға келуі керек пе?!

Жаңа пәтерге көз үйреніп, көңіл орныққанша со баяғы ескі ша­ңырақтың қайта-қайта еске түсе беретіні де содан болар-ау!

Тіршілік түйткілі

1996 жылдың қаңтар айы еді.Троллейбустың терезесінен ап-анық көрдік... Бәкеңе бойлы, қарны шермиген бір милиционер жүгіріп келді де, аялдаманың жанында пісте сатып, бүрісіп отырған бір байқұс кемпірдің алдын­дағы қапшықты бар пәр­менімен теуіп кеп жіберді. Сол сәтте қапшықтағы қап-қара пісте субұрқақ секілді көкке атылып барып... сау етіп жерге төгілді. 

Әлгі тасбауыр қапшықты емес, тап бір өзімізді теуіп жібер­ген­дей өкпе-бауырымыз солқ ете түсті.

«Ой, ой, анадан тумаған сор­лы-ай!», деді салондағы бір қарт әйел күңіреніп. 

Басқа жұрт ештеңе айта алмады...

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»