«Бүгінгі таңда балабақша мәселесі республика көлемінде кешенді түрде шешілуді қажет ететін өзекті мәселенің біріне айналды. Өйткені, мектепке дейінгі бала тәрбиесімен қамту бүгінгі күні 35 пайызды ғана құрап отыр. Оны 100 пайызға жеткізу «Балапан» бағдарламасының алғышарты, негізі болмақ. Осы балабақша мәселесі – өңірлерде сайлаушылармен кездесулер өткізген кезде жиі көтерілетін мәселенің бірі болып табылады. Өйткені, Жамбыл облысы бойынша қазіргі таңда балабақша кезегінде 24000 бала тұр.
Осы күндері Шу ауданында «Балапан» бағдарламасы шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарылғанымен балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 17,8 пайызды ғана құрап отыр. Осы орайда, Шу қаласынан 280 орындық балабақша құрылысына 488 млн. теңгенің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілсе, Төле би ауылынан салынатын 280 орындық балабақшаның жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Ал бұрын балабақша болып, бүгінгі күнде басқа мақсатта пайдаланып отырған ғимараттарды қалпына келтіруде Бірлікүстем ауылындағы 50 орындық балабақшаны қайта жабдықтау үшін 60,1 млн. теңгеге, Шу қаласындағы №40 мектептің бұрынғы ғимаратын 180 орындық балабақша жасау үшін 199,5 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жаңажол және Төле би ауылдарындағы ғимараттар жеке тұлғалардан сатып алынды. Аталған ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар даярлануда. Жаңажол ауылындағы балабақша ғимаратын күрделі жөндеуге 80,0 млн. теңге, Төле би ауылындағы балабақша ғимаратын күрделі жөндеуге 115,0 млн. теңге қаржы қажет. Сондай-ақ, қазіргі кезде шешімін таппай отырған екінші мәселе, кейбір ауылдардағы оқушыларымыз өткен ғасырдың 40-60 жылдарында пайдалануға берілген ыңғайластырылған ғимараттарда білім алуда. Атап айтқанда, Еңбекші ауылындағы мектеп ыңғайластырылған бөлек-бөлек ғимараттарға орналасқан. Сонымен қатар, Бәйдібек ауылындағы 150 орындық М.Мәметова орта мектебі 1961 жылы, Бөлтірік ауылында 150 орындық Ә.Молдағұлова орта мектебінің ғимараттары 1940 жылы салынған. Аталған білім мекемелерінің ғимараттарының апатты жағдайын ескере отырып, жобалау-сметалық құжаттары жасалуда. Шу ауданы, Сауытбек ауылындағы 1960 жылы соғылған 150 орындық Алға орта мектебіне жаңадан 150 орындық мектептің ғимаратының құрылысын жүргізу үшін 406 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді.
Осыған байланысты, Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтан Жамбыл облысы, Шу ауданы білім беру мекемелерінің құрылысын жүргізуге қосымша қаржы бөлуге көмек көрсету сұралды.
Әмзебек ЖОЛШЫБЕКОВ, Мәжіліс депутаты.