Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2017

Алдағы үш жылда уран өндірісі 20 пайызға қысқармақ

974 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-тың 2017 жылғы қызмет қорытындысына арналған брифинг өтті. Компанияның негізгі өндірістік-қаржылық көрсеткіштері жөнінде БАҚ өкілдеріне ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді. 

Алдағы үш жылда уран өндірісі 20 пайызға қысқармақ

Өздеріңізге мәлім, табиғи уран өндіру нарығында көш бастаған Қазақстан әлемдік сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етеді. Ал соның тең жартысы Қазатомөнеркәсіптің еншісінде. Біздің өнімді дүние жүзінің ірі энергетикалық компаниялары пайдаланады. Уранды Ресей, Франция, Қытай және Жапонияның трансұлттық компания­ларымен серіктестікте құрылған еншілес және бірлескен кәсіпорындар өндіреді. Қазақстандағы уран өндіру әдісін МАГАТЭ экологиялық ең таза әрі қауіпсіз деп таны­ған. Өкінішке қарай, бір фунт уранның ба­ғасы соңғы он жылда 136 доллардан 18 долларға дейін төмендеп кетті. Уран өнді­рісінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қам­тамасыз ету үшін біз өндіріс ауқымын сұра­нысқа икемдеп қысқарту жөнінде стра­тегиялық шешімді қабылдадық. Айта кетейік, 2018 жылдың қаңтар айынан бастап 3 жылға жер қойнауын пайдалану келісім­шарттары бойынша жоспарланған өн­діріс ауқымын 20 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Бұл шара компаниялардың тұтынушылар алдындағы міндеттеріне әсер етпейді.

Сонымен қатар ол серіктестермен қарым-қатынас белсенді жүргізіліп жатқа­нын тілге тиек етіп, қытайлық «CGNPC» компаниясымен бірге Үлбі металлургия зауытының базасында жылу бөлгіш құрамалар шығаратын зауыт салынып жатқанын, оның қуаттылығы жылына 200 тоннаны құрайтынын жеткізді.

Ғалымжан Пірматов Мемлекет басшы­сының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жол­дауын­­дағы тапсырмаларын орындау мақ­сатында автоматтандыру, цифрландыру және роботтандыру бойынша бірқатар жобалар іске асырылғанын да баяндады.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»