Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында қаржы полициясы органдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, кіші және орта кәсіпкерлік субъектілерінен жүйелі түрде пара бопсалау деректерін анықтау және оның жолын кесуді жедел-тергеу қызметінің басым бағыттары ретінде белгілеген еді. Осыған орай олар еліміздің барлық аймақтарында бақылаушы органдар тарапынан бизнес істеріне заңсыз араласу деректерін анықтады.
Шығыс Қазақстанда облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері тарапынан кәсіпкерлерге құрылыс-монтаж жұмыстарына мемлекеттік лицензия беру және бұрын берілген лицензиялардың мерзімін ұзарту үшін олардан жүйелі түрде пара талап еткен фактілері ашылды. Облыстық қаржы полициясы департаментіне сәулет-құрылыс басқармасының лауазымды тұлғалары құрылыс-монтаж жұмыстарына лицензияның мерзімін ұзарту үшін 75 мың теңге көлемінде пара бопсалап отыр деген арызбен кәсіпкер жүгінді. Жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде аталған факт расталды, оған қоса, осы мекемедегі пара алудың басқа да дәлелдері анықталды. Олар жүйелі түрде болып тұрады екен.
Одан әрі жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында, құрылыс-монтаж жұмыстарына лицензияны беру үшін 150 мың теңге пара алды деген күдікпен лицензиялау бөлімінің бастығы Рақышев пен осы бөлімнің бас маманы Дусупов ұсталды, ағымдағы жылғы 13 қазанда оларға қатысты қылмыстық істер қозғалды. Ал 16 қазанда олар сот санкциясымен қамауға алынды.
Одан әрі жүргізілген жедел-іздестіру шараларымен Шығыс Қазақстан облысының Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бастығының орынбасары Мүкеевтің құрылыс-монтаж жұмыстарының лицензияларын беру және оның мерзімін ұзарту үшін жалпы көлемі 300 мың теңге пара алу дерегі де анықталды. 4 қарашада Мүкеев ұсталды, оған қатысты бірнеше рет пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 6 қарашада сот санкциясымен ол қамауға алынды. Айыпталушылардың өзге де пара алу ісі тексерілуде.
Сонымен бірге, 2011 жылғы 24 қазанда Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының лицензиялау бөлімінің бас маманы Шерияздановаға қатысты парақорлыққа делдал болу әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды, нақты айтқанда, оған лицензиялау бөлімінің бастығы Рақышевтің 500 АҚШ доллары көлемінде пара алуы кезінде делдал болды деген айып тағылып отыр. Шерияздановаға қатысты ешқайда кетпеу үшін қолхат алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық істер тергелуде.
Жалпы, 2011 жылғы 10 айда қаржы полициясы органдарымен парақорлық деректері бойынша 470 қылмыстық іс қозғалды, оның 331-і пара алу, 101 – пара беру, 38 – парақорлыққа делдал болу деп хабарлады Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі.
«Егемен-ақпарат».