Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2017

Бөдене – баққанға

1031 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде кәсібін дөңгелетіп, өзіме де, өзгеге де пайдамды тигіземін деуші азаматтарға жол ашық. Оған мемлекет те мей­лінше қолайлы жағдай туғызуда. Соның негізінде жер-жерде бірнеше ұжым кооперативке бірігіп, я болмаса жеке шаруашылығын дамытып жүрген жандар аз емес. Өзінің қарым-қабі­летіне сенген Изенді ауылының тұрғыны Жа­рыл­ғасын Сатыбалдин да солардың қатарында.

Бөдене – баққанға

Отбасымен бірге ерекше бизнесті қолға алып, қоғамға да, адамға да ағыл-тегіл пайда келтіре бастаған олар бүгінде бөдене өсіру үстінде. Айналысып жатқанына аз ғана уақыт өтсе де, шаруашылығы шама-шарқынша жан-жағына шапағатын шаша бастаған. Жалпы, Нұра ауданына қарайтын Изенді ауылы құт қонып, ырыс дарыған бере­келі мекен. Ондағы бір ғана «Отқанжар» ЖШС-ның өзі ауыл­дың өзегі­не айналып кеткен. Біз айтып отырған жас кәсіпкер Жарлыға­сын Сатыбалдин де әуелде әсем Астанадан Изенді ауы­лына осы серіктестікті арқа тұтып келген. Көшіп келген алғашқы уақытта-ақ «Отқанжар» ЖШС директоры Қанат Отарбаев ауылда тұрақтап қалу, шаруашылығын дамыту мақсатында екі тұрғын үй береді. Бастапқыда үйді жабдықтап, жары Айнаш екеуі бөдененің 50 жұмыртқасын сатып алады. Бөденелерді баптап қолға үйретуге болатынын байқаған соң, тағы 300 бөдене сатып алуға бел буады. Уақыт өте келе өз қаражаты есебінен астықты ұнтақтаушы, бір рет пайдаланылатын машина, инкубатор және басқа қажетті жабдықтар сатып алып, бүгінде «Дінмұхамед» жеке кәсіпкерлігін ашып отыр. Аталмыш шаруашылық қазіргі таңда бөденеден күніне 400 жұмыртқа алып отырған жайы бар. Құс шаруашылығында 600 еркек, 400 ұрғашы бөдене бар. Бұдан басқа тағы 2300 етті бройлер тауық өсіріп, шаруа­шылықтың шалғайын кеңейтуде. Алдағы уақытта қаз, үйрек, күркетауық, етті бөдене өсіруді көздеп отыр.

Қазіргі заманғы индустриялы құс шаруашылығы екі бағыт бойынша дамиды: етті және жұмыртқалайтын құстар. Ал өнімнің екі түрі табыстылығы бойынша басқа үй құстарынан әлдеқайда асып түседі екен.

– Менің қолға алған бизнесі­ме көп адамдардың таңырқай қарауы мүмкін. Бірден «неге бөдене?» деген сұрақ қойыла­тыны содан. Бұл құстың еті мен жұмыртқасының емдік қасие­тінің бар екендігі медицинада дәлелденген. Еті дәмді әрі шипалы, жеңіл қорытылады. Мәселе істің көзін табуда. Бөденені де қолға ұстауға болады екен. Рас, бастапқыда көп қиындықтар болды. Тұщы судан қаншама құсы­мызды қырып алдық. Ерекше күтім мен баптаудың арқасында жөнге келіп қалдық десем болады. Уақыт өте келе бұл құстардың тілін тапқандай болдым. Жем-суын уақытында беріп, күтіміне ерекше көңіл бөлінсе, бөдененің беретін табысы мол. Оған көзім толық жетті, – дейді жас кәсіпкер шаруашылығы жайлы.

Жетістік жеңіл жолмен келмей­тіні ақиқат. Ал кәсіпкердің пайым­дауынша, тауықтарға қара­ғанда бөдене өсіру жеңіл көрі­неді. Жұмыртқасы да сондай жұғымды қасиетке ие. Бөдене­нің жұмыртқасы мен еті жас бала­лар­дың ақыл-есінің тез дамуына игі әсерін тигізеді екен. Бөдененің жұмыртқалары ерекше қасиетке, атап айтқанда, адам ағзасының радионуклидтерін жоюға, жүрек-қан тамырлары бел­сенділігін жақсартуға және имму­нитет­ті көте­руге көмек­те­седі. Емдік қасиетіне байланы­сты бөдене еті мен оның жұмырт­қасына сұра­ныс жоғары болғанымен, ауыл­дық жерде, тұрғындардың өздері­нің құстары бар жерде оны сату мен тасымалдаудың әжеп­тәуір қиындықтары бар екені байқалады. Соған қарамастан жас кәсіпкер Жарылғасын Саты­бал­дин­нің ойға алған мақсаттары жет­кілікті-ақ. Ерек­ше кәсіп иесі­не алар асулары биік әрі болсын дейміз.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,
Нұра ауданы