Әдебиет • 29 Желтоқсан, 2017

Прагада «Қазақстан әдебиеті мен мәде­ниеті» орталығы ашылды

540 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Прага қаласындағы 5 ғасырлық тарихы бар Чех Рес­пуб­ли­ка­сының Ұлттық кітапханасы (Кле­мен­тинум) жанынан «Қазақстан әдебиеті мен мәде­ниеті» орталығы ашылды.

 

Прагада «Қазақстан әдебиеті мен мәде­ниеті» орталығы ашылды

Салтанатты шараға Қа­зақ­­стан­ның Чехиядағы елшісі Сер­жан Оралбайұлы, консул Аза­мат Қадыр, бірінші хатшы Ма­дина Мұратбекова жəне Че­хия Ұлттық кітапханасының бас­шылық құрамы мен Ас­тана қаласындағы Ұлттық ака­де­миялық кітапханасының қыз­меткерлері қатысты. 

Елші Сержан Оралбайұлы Қазақстан əдебиеті мен мәде­ниеті, тарихы жəне Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаң­­­ғы­ру» бағдарламалық мақаласы тұр­ғы­сын­да сөз сөйлеп, ізгі тіле­гін біл­дірді. Сондай-ақ Қазақ­стан Ұлт­тық академиялық кітап­ханасы ме­гажобасының артық­шылығы мен жетістігін чех халқына мақ­танышпен жет­­кізді. Кездесу ба­рысында екі ел арасындағы мәде­ни, кі­тапxаналық байланыс орнатуға арналған мемо­ран­думға қол қойылды.

Бұл орталық – Прага қа­ла­­сын­дағы 2000-нан астам қазақ жас­тарына, сондай-ақ чех хал­қына қызмет көрсетеді. Қазақ хал­қының салт-дәстүрі, мәдениеті, өнерімен жақын та­нысуға мүмкіндік береді. Ол тәуелсіз Қазақстанның же­тіс­тіктері мен оның экономи­ка, саясат, әлеуметтік сала­лар­дағы та­быстарын көпшілікке таныс­тыруға жол ашады.

Орталыққа Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ең­бек­­тері, Елбасының әлемдік сая­си аренадағы орны мен рөлі­не арналған кітаптар және тарих, ғылыми-көпшілік және көр­кем әдебиеттер бойынша туын­дылар ұсынылды. Бұл кі­таптар чех халқының оқыр­­мандары арасында үлкен қызы­­ғушылыққа ие болып, қазақ­­тың бай мәдени мұрасын таны­­туға мүмкіндік берері сөзсіз.

Айта кетелік, жобаның мақ­саты – әлемнің ірі кітап­xа­на­ларында қазақстандық әдебиет пен мәдениеттің орталығын ашып, сол арқылы кітапxана саласындағы xалықаралық байланысты нығайту.