«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері
Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданынан фоторепортаж беріліп отыр. “Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі”. Елбасымыз айтқан осы қанатты сөзде үлкен мағына жатыр. Ежелгі Отырар өз уақытында әлемдегі ең дамыған қалалардың бірі болған. Әбу Насыр әл-Фарабиден бөлек, Фарабтан шыққан ғұламалардың ғылыми еңбектері әлемдік өркениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан. Отырар ауданының әкімі Бейбіт Сыздықов “Президентіміздің тікелей пәрменімен “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, соның аясында “Көне Отырарды қалпына келтіру” бағдарламасы қабылданып, ауданымыздағы тарих және мәдениет ескерткіштерін ел игілігіне айналдыруға мүмкіндік туды” дейді. Бейбіт Шалдарұлының айтқанындай-ақ әкім Қуаныш Айтаханов өз кезегінде Отырардың жер астындағы тарихын жер бетіне жарқыратып шығарса, Бейбіт Сыздықов кешегі мен бүгіннің арасын әдемі жалғап жатыр. Ауданның әлеуетін көтеріп, сортаң тартқан боз далаға су шығарды. Шағын және орта кәсіпке екпін берді. Жақында Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Отырарда күш атасы Қажымұқанның 140 жылдығы мен ұлт руханиятының ұстазы атанған Өзбекәлі Жәнібековтің 80 жылдығы лайықты аталып өтті. Алыс және жақыннан мәртебелі қонақтар көп келді. “Қобыз бен домбыра” композициясында өткен рәсімнен соң, “Жібек жолы” даңғылы салтанатты түрде ашылды. Тәуелсіздік мерекесіне отырарлықтар ерекше дайындықпен келіпті. Ауданға кіреберісте оң жақта “Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл” атты саябақта қазақтың айтулы үш биіне асқақтаған ескерткіш орнатылған. Басқа да тағылымды дүниелері көп. Заманында дүние жүзі балуандары арасында қазақ Қажымұқанды еркін еңсердім деген балуан болған емес. Спорт кешені алдында қазақ батырына орнатылған ескерткіш елдіктің айқын белгісіндей танылады. Қонақтар Әбу Насыр әл-Фарабидің мұражайымен танысқаннан кейін, іргелес саябақта рух сардары Өзбекәлі Жәнібековтің ескерткішін ашып, гүл шоқтарын қойды. Осы өлкедегі ақын-шайырлар аллеясынан кейін Өзбекәлі Жәнібековтің мұражайы ашылды. Саналы ғұмырында қазақ жәдігерлерін тірнектеп жинап, ұлт мерейін асқақтатуға бар күш-жігерін жұмсаған тұлға тойына сонау Қостанай, Торғайдан қонақтар келіпті. Мұражай жанына Жәнібековтің қолы тиген екі киіз үй тігіліп, ішіне Өзекеңнің өзі тұтынған көне бұйымдары, үй жабдықтары қойылыпты. Сол күні мәдени іс-шара Мәдениет сарайында өткен қос алыптың республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына ұласты. Конференцияны Ө.Жәнібековтің тәлімінен өткен белгілі ғалым Құлбек Ергөбек жүргізіп отырды. Онда Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының президенті С.Мұқашев, еңбек ардагері Д.Бопова, академик Ө.Айтбайұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Мырзахметов, ақын-жазушылар М.Шаханов, Н.Мұқатов сияқты азаматтар сөз алып, екі тұлға жөнінде тағылымды ойларын айтты. Алдағы уақытта атқарылатын міндеттер белгіленді. Осы кеште “Көне Отырар өркениеті”, “Рух сардары”, “Балуан баба” және “Отырар алқабының ақындары” атты кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Ондаған жылдардың еншісіне салсаң да олқы болмайтын осындай табыстарға Отырар бір-ақ жылда жетті. Бұл – Тәуелсіздіктің тәтті жемісі. Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН, суреттерді түсірген Береке ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ.Жамбылдық онкологтар пациенттен салмағы 6 келі ісікті сәтті алып тастады
Денсаулық • Бүгін, 02:53
Әбиба Әбужақынова Олимпиада жүлдесін алмай, спортпен қоштаспайтынын мәлімдеді
Спорт • Бүгін, 02:26
Қамшыбек Қоңқабаев испаниялық қарсыласынан жеңіліп қалды
Спорт • Бүгін, 01:25
Париж-2024: Мұхамедсабыр Базарбайұлы ширек финалға шықты
Спорт • Бүгін, 00:45
Алдағы үш күн бойы қатты ыстық болады - Қазгидромет
Ауа райы • Кеше