Қысқы Олимпия ойындарына (ҚОО) Тәуелсіз мемлекет ретінде 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келе жатқан Қазақстан ұлттық құрамасы биыл реттік сан бойынша ақ қар, көк мұз үстінде өтетін аламанға жетінші рет қатыспақ. Бұған дейінгі алты Олимпия ойындарында еліміздің спортшылары жеті медаль жеңіп алған. Тарқатып айтар болсақ, 1994 жылы Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен төрт жылдықтың басты бәсекесінде шаңғышы – Владимир Смирновтың жалғыз өзі бір алтын және екі күміс медаль иеленіп, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Жапонияның Нагано қаласында жалауы желбіреген келесі Ақ Олимпиадада отандастарымыз екі қола медальды қанағат тұтты. Бірін Владимир Смирнов олжаласа, екінші қола медальды конькимен жүгіру спортының өкілі Людмила Прокашева иеленді. Мұнан кейінгі екі Олимпиадада (2002 жыл, Солт-Лейк-Сити (АҚШ), 2006 жыл, Турин (Италия) спортшыларымыз тұғыр биігінен көріне алмай, елге жүлдесіз оралды. Ал 2010 жылы Ванкуверде (Канада) өткен кезекті Олимпиадада күллі Қазақстан Елена Хрусталеваның (биатлон) күмісін қанағат тұтса, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында Денис Теннің (мәнерлеп сырғанау) жалғыз қоласы Қазақстан құрамасын жүлдесіз қайтудан құтқарып қалды. Міне, Қысқы Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары жүріп өткен қысқаша жолы осындай. Ал биылғы Қысқы Олимпия ойындарында қай спортшыларға үміт артамыз? Осы сұрақ төңірегінде аз-кем тоқталып өтсек.
Пхенчханда өтетін Қысқы Олимпия ойындарында құрама қоржынына кім медаль салады деп сауал тасталса, 10 адамның тоғызы мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің есімін атауы мүмкін. Өйткені ол осыдан төрт жыл бұрынғы Олимпиаданың соңғы күндері қола медаль алған еді. Дегенмен, Сочи Олимпиадасынан елге ақпарат таратқан спорт журналисі Руслан Меделбектің айтуынша, Тен Пхенчханда үздік 10 спортшының қатарына кірсе, Қазақстан үшін де, өзі үшін де үлкен жеңіс екенін айтады. «Әрине, Денис Теннің үздік үштікке еніп, медаль алғанын қалаймын. Бірақ, оның қазіргі бағдарламасы тек үздік ондыққа жетсе жақсы нәтиже деп есептеуге болады. Егер Олимпиадаға дейін ол жаңа бағдарлама дайындайтын болса, жүлдегерлер қатарынан көрініп қалуы мүмкін. Оның қазір орындап жүрген бағдарламасынан үздік сегіз бағдарлама бар. Сондықтан өз басым Теннен жүлде күтемін деп айта алмаймын. Ал Элизабет Тұрсынбаеваға келер болсақ, оның бағдарламасы тек үздік бестікке ғана жетеді», дейді Р.Меделбек.
Қай спортшыдан нәтиже күтуге болады деген сұрағымызға Руслан Меделбек фристайлшылар – Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхердтің жүлдеге таласуға мүмкіндіктері бар екенін айтады. «30-ға толған биатлоншы Алексей Полторанин бір ғажайып болып орда бұзбаса, ол спортшының да жүлде алуы қиын. Менің болжамым бойынша, бұл Олимпиадада Қазақстан құрамасы бір медаль алуға мүмкіндігі бар. Ол медальға үміткер Галышева мен Рейхердтің бірі», деді ол.
Бұл пікірмен Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының өкілі Айдос Рымқұл да келісіп отыр. Оның айтуынша, биылғы Ақ Олимпиадада фристайлшылар бір жүлде алуы мүмкін. «Пхенчханда фристайл құрамасы бір медаль алады деп топшылап отырмын. Галышева кем дегенде қола медальға қол жеткізуге қауқарлы. Басқа спортшыларда үміт аз. Биатлоншылар үздік ТОП-15-тің қатарына енетін шығар. Егер конькиші Креч бабында болса, бәлкім ол да жүлдеге таласуына болады. Меніңше, медальды фристайлшылар алады. Рейхердтен де үміт күтуге болар еді, бірақ ол соңғы кездері тұрақсыз өнер көрсетіп жүр. Галышеваның медаль алуы канадалық апалы-сіңлілі қыздардың дайындығына байланысты деп айтар едім. Себебі олардың дайындығы орташа болса да жетіп жатыр, төрешілер сүйреп шығады», дейді А.Рымқұл.
Рас, соңғы уақытта фристайлшылар Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхердтің нәтижелері көңіл көншітерлік. Өткен айда Қытайдың Secret Garden тау-шаңғы курортында фристайлдан әлем кубогында Галышева мен Рейхерд бір алтын, екі күміс медаль жеңіп алды.
Могул жарысының бірінші күнінде Галышева 77,79 ұпаймен екінші орын иеленсе, америкалық спортшы Джелин Кауф 77,90 ұпай жинап, әлем кубогының жеңімпазы атанды. Ал екінші күнгі гранд-финал бәсекесінде Юлия Галышева жоғарыдағы қарсыласын артқа тастап, алтын медальға қол жеткізді. Бұл сында америкалық спортшы екінші, канадалық фристайлшы үшінші орын алды. Ерлер арасындағы гранд-финалда Дмитрий Рейхерд 84.92 ұпаймен күміс медаль еншіледі. Канадалық Микаэля Кингсбери алтын (85.94), аустриялық Мэтт Грэхэм (82.96) қола медальды қанағат тұтты. Жарыстың бірінші күнінде Дмитрий Рейхерд 36-шы орыннан көрінген еді.
Биылғы Ақ Олимпиадада басты үмітіміз фристайлшылар болмақ. Олимпиадаға дейін екі спортшымыз төрт әлем кубогына қатысып, дайындықтарын одан әрі шыңдап, Пхенчханға аттанатын болады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»