Әлем • 02 Қаңтар, 2018

Солтүстік Корея қысқы Олимпиада ойындарына қатысуы мүмкін

517 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Корея КХДР-ға шекара маңындағы қарусыздандырылған аймақта жоғары деңгейлі кездесу өткізуді ұсынды. Басты мақсат – солтүстіккореялық спортшылардың Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарына қатысу жайын талқылау.

Солтүстік Корея қысқы Олимпиада ойындарына қатысуы мүмкін

«Оңтүстік пен Солтүстік Пхенчхандағы Олимпиада ойындарын да, екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсарту туралы маңызды мәселелерді де талқылай алады», деді Корей Республикасының ұлттық қауымдастық істер министрі Чо Мен Гюн. Оның айтуынша келіссөздер шекара маңындағы Пханмунджом елді мекенінде өтуі мүмкін.

Корей Халық Демократиялық Республикасының көшбасшысы Ким Чен Ын жаңажылдық құттықтауында Солтүстік Корея спортшыларын Пхенчхандағы қысқы Ойындарға жіберуі мүмкін екенін айтты.

Ал Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин өз кезегінде Ким Чен Ынның сөздерін жылы қабыл алды. Сондай-ақ, Олимпиада көршілермен қарым-қатынасты реттеудің бірден бір жолы екенін айтты.

Қысқы Ойындарды ұйымдастыру комитетінің басшысы Ли Хи Бём КХДР спортшыларының қатысуы мүмкін екенін естігенде қуанғанын айтты. «Бұл жаңа жылға арналған сыйлық секілді», деді ол. КХДР мен Корея Республикасы министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі келіссөздер соңғы рет 2015 жылдың желтоқсанында өткен.

КХДР атынан қысқы Ойындарға тек екі спортшы қатысуы мүмкін. Олар: мәнерлеп сырғанаушылар Рём Тэ Ок және Ким Чжу Сик.

КХДР қысқы Ойындарға қатысу туралы өтініш беру мерзімін өткізіп алған. Дегенмен мәнерлеп сырғанаушылары Халықаралық Олимпиада комитетінің шақыруымен қатыса алады.

Оңтүстік Корея мен КХДР әлі күнге дейін араз елдер. Соңғы жылдары қос мемлекет бірнеше рет бейбіт диалог орнатпақ (көбіне Сеулдің бастамасымен) болған. Дегенмен, оған Пхеньянның ядролық бағдарламасы кедергі келтірді. Өткен жылы Пхеньян алты ядролық сынақ өткізді. Осы себепті КХДР-ға түрлі санкциялар салынды.

Жаңажылдық құттықтау сөзінде Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын ядролық түймешек ылғи да қолында жүретінін айтты. Дегенмен, ол өз елін «бейбіт және ядролық держава мемлекет» деп атады. Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы қарым-қатынас биыл Олимпиадаға байланысты жақсаруы мүмкін екенін де жасырып қалмады.

«2018 Оңтүстік үшін де, Солтүстік үшін де маңызды жыл болмақ. Солтүстік өзінің құрылғанына 70 жыл толғанын атап өтеді, ал Оңтүстік қысқы Олимпиада ойындарын ұйымдастырады. Біз екі ел арасындағы байланысты реттеуіміз керек», деді Ким Чен Ын.