Тарих • 03 Қаңтар, 2018

Айқын Жасан: «Қазақстанда Алтай мәдениетін зерттеу күшейсе екен»

433 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Этнограф Айқын Жасан 2005 жылдан бері шаңғы тарихын зерттеп келеді. Оның айтуынша  көне шаңғы жасау әдісі - жалпы Алтай өңіріне ортақ өнер, соның ішінде қазақ төл мәдениетінің бір бөлшегі.

Айқын Жасан: «Қазақстанда Алтай мәдениетін зерттеу күшейсе екен»

– Айқын, сіз «Алтай шаңғысын», шаңғы тарихын зерттеумен қай уақыттан бері айналысып келесіз?

– Мен 2005 жылдан бастап осы тақырыпты зерттеп келемін. 2005 жылға дейін «Алтай шаңғысы», «көне шаңғы» деп ешкім айтпайтын.

– Бұл шаңғының кәдімгі шаңғыдан айырмашылығы неде?

– Айырмашылығы көп. Ең елеулісі – көне шаңғыда тек бір таяқ болады. Сол таяқ арқылы төменге сырғанап түсуге болады. Көне шаңғының ағашын қарағаштан, самырсыннан майыстырып жасайды. Шаңғының астына жылқы терісін қаптайды. Тері тек жылдамдық беріп қана қоймай, сонымен бірге қар үстінде мықты тұруға көмектеседі.  Мен өзім, негізі, альпинизммен айналысқанмын. Сол арқылы кезінде Памир тауларына барғаным бар. Жалпы, тауды жақсы көремін. Содан 2005 жылдың бірінші айында маған Исламабадтан хабар келді. Алтайға келе жатқан америкалықтарға жол көрсететін адам керек болып, менен көмек сұрады. Мен келісімімді бердім. Ал ол америкалықтар өзіміздің, қазақтың шаңғысын көруге келе жатыпты.

– Олар көне шаңғы туралы қайдан білген екен?

– Алтайға саяхатшылар көп келеді ғой. Бір жыл бұрын бір топ америкалық саяхатшы біздің шаңғыны суретке түсіріп алған болуы керек. Кейін сол сурет саяхатшылар арасында кең таралып, тағы бір тобы «өз көзімізбен көрейік» деп Алтайға баруды шешіпті. Біз басында түсінбедік, Алтайда шаңғы тебуге келген шығар деп ойладық. Күнде көріп жүргеннен кейін, аяқ астындағы шаңғыға көп мән де бермеген екенбіз. «қар шаңғысы» деп қана айтатынбыз. Бұлар соны керемет қызық көріп, көздері оттай жанып, осы тақырыпқа қызығып келген екен. Ішінде Нилс деген жігіт болды. Сол Нилс екеуіміз қазірге дейін көне шаңғының тарихын зерттеумен, дәріптеумен айналысып келеміз.

– Тасқа қашап салынған шаңғышылардың суреті Алтай тауынан сол жылы табылды емес пе?

– Жоқ, бұл тасты, негізінен, 1990 жылдары Алтайдағы Қандығайты деген жердегі үңгірден тапқан. Бірақ көп ешкім елемеген. Көбі жаңағы тас суреттегі аңдарға назар аударған да, ал шаңғышыларды көп елемеген. 2005 жылы Қытайдың 1960 жылдары ең  алғашқы чемпионы атанған Шан Жаужиан қайта назар аудартты. Ол суреттегі адамдарды шаңғышыларға ұқсатады. Жалпы, бұл тастың жасы 1012 мың жыл шамасында екені анықталды. Осындай суреттер Норвегиядан, Ресейден табылған. Бірақ Алтайдағы тасқа қашалған сурет ең көне болып шықты. Сол тас табылғанын естіп, Нилс 2006 жылдың жаз айында Алтайға қайта келді. Жаңағы тасты көруге тауға бардық. Қызығушылығымыз одан әрі өрлеп, тереңірек зерттеуге бекіндік. Содан, Шан Жаужианды таптық. Бұл кісі де «шаңғының Отаны – Алтай» деп біз сияқты шаңғының тарихына қызығып жүр екен. Үшеуіміз осылайша араласып, қазірге дейін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеміз.

– Қандай іс-шаралар ұйымдастырдыңыздар?

– Негізінде көне шаңғы аң аулау үшін пайдаланылған. Аң аулауға тыйым салынғалы бері, бұл шаңғыны тебетіндер де, жасайтындар да азайып кетті. Жұрттың көбі қалаға көшті. Көне шаңғы көп ешкімге керек болмай қалды. Содан біз осы салтты сақтап қалу мақсатында 2007 жылдан бастап көне шаңғы тебу бойынша жарыс ұйымдастырып келеміз. Бұл Алтай қаласының әкімшілігі мен жаңағы чемпион болған кісінің қолдауымен өтіп келеді. Одан басқа, «National Geographic» сияқты атақты басылымдарға осы өнерді таныстырып келеміз. Осыдан екі жыл бұрын Алтай қаласында шаңғы тарихы бойынша халықаралық конференция ұйымдастырдық. Норвегия, Ресей, Америка, Канада сияқты елдерден зерттеушілер келді. Сол конференцияда «Шаңғының Отаны Алтай» деген тоқтамға келдік.

– Аға, көне шаңғыны жасау әдісін қазақтың төл өнері деп атауға бола ма?

– Болады, бірақ бір нәрсені ұмытпауымыз қажет. Бұл шаңғыны тек қазақтар қолданбайды. Алтай тау өңірлерін мекендейтін тыва халқы да, моңғолдар да қолданады. Бұл көне шаңғы – жалпы Алтай өңіріне ортақ өнер, соның ішінде қазақ төл мәдениетінің бір бөлшегі. Мен бұл шаңғыны «қазақ шаңғысы» емес, «Алтай шаңғысы» деп атаған дұрыс деп ойлаймын.

– Қазіргі зерттеулеріңіз қай бағытта?

– Осы тақырыпты этнографиялық бағытта одан әрі зерттей түссем деген ойым бар. Норвегияда магистрлік диссертациямды осы тақырыпта қорғадым. Ары қарай да Алтай өңіріне қатысты басқа да зерттеулерді жалғастырсам деймін. Жалпы, Алтайдың Қытай өңірі, Моңғолия өңірі, Ресей өңірі өте жақсы зерттеулерден өткен. Көптеген деректер табылды. Бірақ Алтайдың Қазақстанға қарасты өңірі бізге әлі белгісіз болып тұр. Қазақстанда Алтай мәдениетін зерттеу күшейсе екен деген тілек бар.

- Тілегіңізді қазақ зерттеушілері естиді деген үміттеміз. Көп рақмет, аға! Сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан - Әлібек Нұркеш