– Жалпы, мектеп мұражайларының оқушылардың белсенді, ізденімпаз болуында, шығармашылықпен шұғылдануында атқаратын қызметі зор. Туған елінің тарихын, салт-дәстүрін тануға, атамекенін сүюге баулуда маңызы ерекше, – дейді №4 мектеп-гимназиясының директоры Базаркүл Сағындыққызы.
2004 жылы ашылған мектеп тарихы музейінен мектептің кешегісі мен бүгіні туралы мол мағлұмат алуға болады. Мұражай меңгерушісі, осы мектепте 42 жыл ұстаздық етіп келе жатқан, еліміздің білім беру ісінің үздігі Забида Смағұлованың айтуынша, музейде Ұлттық архив қорымен байланыс, жәдігерлерді жаңарту, толықтыру, зерттеу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Осы іспетті музей дерекнамасына назар аударсаңыз, Астанадағы алғашқы білім ордаларының құрылу тарихымен де танысқандай боласыз. Мәселен, бұл мектеп мешіт жанындағы медресе ретінде алғаш рет 1907 жылы жұртшылық қаржысына салынған екен. Балалар молда алдынан тәлім алып, діни сабақтармен бірге араб тілін үйренген. 1909 жылы Қазан қаласындағы «Мұхамедия» медресесін тәмамдаған, Орынбор қаласындағы мұғалімдер семинариясын бітірген білімді қазақ зиялысы Ғалымжан Құрмашевтің келуімен оқу бағдарламасына арифметика, жаратылыстану, ана тілі сабақтары енгізіледі. Осы уақытта оқушылардың саны 70-тен асып, балалар сыныпқа бөлініп оқи бастайды. Оқу-техникалық базасын нығайту мақсатында жұмыс жүргізіліп, 1911 жылы ағаштан мектептің екінші ғимараты тұрғызылып, осы жылдан бастап оқуға қыздар да қабылданады. Сол алғашқы ғимарат елордадағы Отырар мен Қорқыт көшелерінің қиылысында әлі күнге дейін сақталған. Бір жылдары бұл мектеп ғимараты Колчак әскеріне госпиталь ретінде де пайдаланылыпты. Ғ.Құрмашев сол бір аумалы-төкпелі заманда қамауға алынса да, сүзекке шалдықса да өлкедегі халық ағарту ісіне зор үлес қосқан айтулы тұлға. Ол С.Сейфуллиннің серіктесі болып, мектеп жанынан ауыл мұғалімдерін даярлайтын қысқа мерзімді курс ашқан. Жұбайы, Ленин орденінің иегері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Әсмә Қарабекқызы да білім беру саласына айтарлықтай еңбек сіңірген жан. Міне, осы іспетті құнды деректердің бір парасын музейге олардың ұрпағы Ләйла Ғалымжанқызы тапсырған екен.
Ұлттық мектептер жаппай жабыла бастаған кезде қаладағы жалғыз қазақ мектебінің ұстаздары, еңбек ардагерлері оқуға балаларды үй-үйден жинап, ерлікпен пара-пар жұмыс атқарғанын да айрықша атап өткен ләзім.
Ал Абай мен Жамбыл мұражайына «Жамбылтану» пәнінің мұғалімі Дариға Мұстафина жетекшілік етеді. Былтыр Дариға Омарбайқызы «Жамбыл» мұражайын жаңғырту әрі байыта түсу мақсатында Алматы облысындағы Жамбыл ауданында орналасқан Жамбыл музейіне оқушыларымен бірге саяхаттағанын жеткізді. Сапар барысында астаналық оқушылар жыр алыбына жолдас болған киелі қызыл жолбарысқа қойылған ескерткішті тамашалаған, халық аузындағы аңыздарға қаныққан, ақынның пірі болған Сүйінбайдың 200 жылдық мерейтойы аясындағы тағылымды шараларды көріп, Қарасай, Сұраншы, Саурық сияқты ерлер туралы мол мағлұмат алған екен. Қос ақынның нақылға толы сөздері мен еңбектеріне, зерттеу материалдарына толы бұл мұражайларда оқушыларға «Абайтану», «Жамбылтану» курстары өтеді. Оқушылар музей ішінен өздеріне қажетті ақпаратты алып, білімдерін толықтырады, рухани күш-қуат жинайды. Мұражайларда белгілі қайраткерлермен кездесулер жиі өтетінін де айта кеткен жөн. Осыған дейін Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Мырзатай Жолдасбеков, Тоқтар Әубәкіров, Бекболат Тілеухан, Серік Тұрғынбеков сынды көптеген белгілі тұлғалар оқушылармен риясыз әңгімелесіп, мектеп қонағы болған екен.
Музей қоры жекелеген ұйымдар мен тұлғалардың тартуымен, сондай-ақ жинақтау жұмыстары және арнайы ұйымдастырылған этнографиялық, тарихи, жаратылыстану экспедициялары бойынша толықтырылып отырады. Айта кеткен абзал, бұл мектепке елорда Арқа төсіне қоныс аударған жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та келіп, мектептің оқу-тәрбие үдерісін оң бағалаған. Мектеп музейінде осы бір ерекше кездесу де көрініс тапқан. Сондай-ақ «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы» дегендей, мектебіміздің ардагер ұстаздары жиі қонақта болып, ата дәстүріміздің маңызын жас жеткіншектер бойына сіңіруде, дейді мектеп басшылығы.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»