Бұл әдеттен айныған күнім болған емес. Өйтпесем қоңылтақсып, қымбатымды жоғалтқандай «ашқұрсақ» жүремін. Өйткені кең-байтақ республикамыздағы күнделікті саяси, экономикалық көрсеткіштер, кадрлық және шетелдегі жаңалықтар алдымен осы газетте байыпты баяндалады. Басылым танымдық талдамаларды, ұлттық болмысымыздың күнгейі мен көлеңкелі жақтарын ғылыми тұрғыда батыл да байыпты жаза бастады. Ұлттық ерекшеліктеріміз, ұлағатты қайраткерлеріміздің жасампаз іс-әрекеттері кеңінен баяндалатын болып жүр.
Қысқасы, «Егеменнің» әр саны еріксіз сағынтатын құтты қонаққа, өзіне тәу еттіретін «сиқыршыға» айналып барады. Бұл рухани жаңғыру қозғалысы кезіндегі ұжымның насихатшылар көшін бастауға ден қойған игі қадамы. Оқырманының жан азығына айналған ғасырлық тарихы бар бас басылымға осы жылға жазылу науқаны жалғасып жатыр. Бұл орайда мен тұратын кенттегі 20-дан астам ардагер аса белсенділік танытып отыр. Өздері түгел жазылып, өзгелерді де, жастарды да үгіттеп жүр.
Орайы келгенде айтарым, шетелдік оқиғалар туралы материалдар жиі жазылып тұрса екен. Сосын ел өміріне, дәстүрімізге, экономикамызға жат қылықтар дәйекті де батыл жазылса екен. «Сөз сойылды» асыға, сағына күтеміз. Оның ішінде нақты фактіге құрылған дүние болса оқырман қызыға түсер еді.
Сұлтанқазы ҮСЕНОВ,
еңбек ардагері
Қызылорда