Қазақстан • 05 Қаңтар, 2018

Әулиеден қалған ағаш табақ

777 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниетанымы терең, көріпкелдігі керемет, жаратылысы бөлек жан есебінде елге танылған Оспанқожа 1862 жылы туып, 1928 жылы 66 жасында дүниеден озған.

Әулиеден қалған ағаш табақ

Жуырда Оспанқожа өз тұрмысында кәдеге жаратқан ағаш табақ табылды. Бұл туралы Оспанқожа шөбересі Шоқан Ғазезұлы қажы шешіле сыр шертті. Оның айтуынша әйгілі әулиенің Әмірхан, Мұхаммедуәли, Хамза атты үш баласы болыпты. 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырауына байланысты Хамза Оспанов болып жазылған. Ортаншы ұлы Мұхаммедуәли Бекет ата есіміне жазылған. Мұхаммедуәлиде перзент болмағандықтан, Әмірханның Ғазезі оған Майраш есімді қызын берген.  

Мұхаммедуәли Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, жараланған. Дін жолын ұстап, Тәуіш ауылында имам болған. 1984 жылы 78 жасында бақилық болған Мұхаммедуәлидің үйінде әулие Оспанқожа қолданған ағаш табақ болыпты. Ақсақал дүниеден озар алдында табақты үлкен қызы Майрашқа қалдырыпты. Былтыр шілде айының аяғында Қостанай қаласы маңындағы ауылда тұратын Майраш та ауыр сырқаттан жарық дүниемен қош айтысты. Бірінші бейсенбі шайында жиналған қауым тағылымы мол көріністің куәгері болды. Майраштың ұлы Арман, келіні Қызғалдақ ағаш табақты ақ дастарқанға орап әкеліп тұрып: 

– Анамыз осы табақтың Оспанқожа немересі, дін жолындағы бауыры Шоқанның үйінде жақсы ырым ретінде қалғанын қалады, – деді ерлі-зайыптылар қатарласа сөйлеп. Бұл оқиғаға Шоқан қажы да, оның зайыбы Салиха да ерекше тебіренді. Шоқан Ғазезұлының шаңырағында жуырда мейман бола отырып біз де ғажайып әсерге бөлендік. Қанша дегенмен ғасырдан астам сақталған ағаш табақ қой. Қазір түрлі үлгіде табақ жасайтын қолөнер щеберлері баршылық. Тіпті кәсіпке айналып кетті. Бірақ солардың көбі ескінің көзі болған табақтарды ауыстыра алмайтындай. Бәлкім, бүкіл қасиеті, мықтылығы таңдап алынған ағашында шығар. Ең бастысы, халыққа қадірменді тұлғаның тұтынған дүниесінде ғой. 

Нағашыбай МҰҚАТОВ

Қостанай