Басқосуға мерейтой иесімен бірге жұбайы Жақан Сүлейменқызы, балалары мен немерелері келіп қатысты. Ержұман Смайылмен бірге қаламдас, қанаттас болып ұзақ жыл жұмыс жасаған жазушы Жанат Елшібек, Қайсар Әлім, Жұмагүл Солты сияқты «Егеменнің» ардагерлері арнайы ат басын бұрып, естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Ержұман Өтешұлының қызметтегі қарапайымдылығына, қамқор басшы болғанын айтып, шығармашылығына жоғары баға берген замандасы Жанат Елшібек оны «Егемен Қазақстанның» қара нары» деп атаса, қаламгер Қайсар Әлім Ер ағаның еңбекқорлығын «еңбектің жауыр торысына» теңеді.
Журналистикада, әсіресе баспасөз саласында еңбек етіп жүрген қаламы ұшқыр тілшілердің көбі Ержұман Смайылдың мектебінен өткенін айтқан драматург Жұмагүл Солты замандасы жайлы әсерлі естеліктерін әңгімеледі. «Ержұман досына, ісіне адал жан. Ең бастысы ол «Егеменге» адал болды, бізді еңбекке үйретті. Ерекеңнің арқасында шыңдалдық, жауапкершілікті түсіндік. Өзі неше жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Қаншама жолын жаңа бастаған журналист осы Ержұман ағасының арқасында қаламын түзеді. Газетпен шыңдалғандардың барлығы сізді жақсы көреді», деді Ж.Солты.
Кеште Ерағаның жолымен жүріп, оның қамқорлығына бөленген Жанболат Аупбай, Сүлеймен Мәмет, Жақсыбай Самрат сынды інілері де сөзін сөйлеп, мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр тіледі. «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ Ержұман Смайыл ағаға ұжым атынан грамота табыстап, иығына шапан жапты.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»