Көне замандардан бастап күні бүгінге дейінгі қазақ әдебиеті мен өнер тарихы, фольклоры, театры, кино және музыка, т.б. мәселелері саласында зерттеулер жүргізуді жүзеге асырып отырған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қабырғасында 1962 жылдан бастап Қолжазба бөлімі жасақталды. Соның негізінде бүгінгі күнге дейін бүкіл рухани мұраларымыздың жартысынан астам бөлігі жиналды, ғылыми жүйеленді, шама-шарқынша жарияланды және мүмкіндігінше зерттеулер жүргізіле бастады.
Институттың «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновациялық бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлібеков мамандар тарапынан қолжазба қоры талапқа сай сақталып, жүйелеу жұмыстары қалыпты жүргізіліп отырғанымен де, еліміздегі сирек кітаптар мен қолжазбаларды жинау, зерттеу, жариялаудың өзекті мәселелері жеткілікті екендігін айтады. Бөлім қызметкерлері тарапынан қолжазбаларды қайта қалпына келтіру, араб (шағатай, қадім, төте), латын әрпінде жазылған мәтіндерді транскрипциялау, мағынасын ашу, кирилл жазуына көшіру жұмыстары да үздіксіз жалғасын тауып отыр. Алайда, осындай ауқымды істердің жүзеге асып отырғандығына қарамастан, елімізде мәтінтану ғылымының жолға қойылуы кенжелеп қалғаны айқын аңғарылады.
Бүгіндері фольклорлық мұралардың 30-40 пайызға жуығы ғана игеріліп, жарияланды. Ал ауыз әдебиетіне, атап айтқанда, ақын-жырауларға, би-шешендерге, сал-серілерге қатысты мұралардың әлі күнге мұрты бұзылмай тұр. Олардың да көпшілігі эдициялық текстология тұрғысында сараланды дегенімізбен теориялық тұрғыдан әлі зерттеле қойған жоқ. Ал жарияланбаған мұраларымыз қаншама? Әсіресе, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасынан кейін халық туындыларын жариялау мәселесі тоқтап қалған сыңайлы. Институттың директоры академик У.Қалижановтың басшылығымен фольклортанушы-текстолог ғалымдар аталған қорларда сақталған қолжазбалардағы әдеби мәтіндердің негізінде «Бабалар сөзі» жүзтомдық сериясынан тыс 150 том ғылыми басылымдардың жобасын жасап, құзырлы орындарға жібергенмен, әзірге нәтижелі ұсыныстар түспегені қынжылтады.
Қазақ халқының бай ауыз әдебиеті өзінің құнарлылығы мен ауқымы жөнінен әлемдік фольклор мұраларының көшбасында тұрғандығына орыс шығыстанушыларымен қатар шетелдік ғалымдардың жоғары баға бергендігі мәлім. Қазақ халқының тарихын зерттеген көптеген орыс ғалымдары дархан далаға қоныстанған саны аз халықтың ауыз әдебиетінің осыншама бай, құнарлы екендігіне зор қызығушылық танытқаны тарихи деректерден белгілі. Түркі халықтарының деректерін салыстыра зерттей келе, олар қазақ ауыз әдебиетінің теңдессіз екендігіне көз жеткізе түседі.
Сондықтан да бүгінгі ұлттық қорға жиналған рухани төл мұрамыздың барынша маңыздылығын ескере отырып, оның жарыққа шығуына әрі еліміздің, сондай-ақ шетелдерде тұрып жатқан ағайындарымыздың жадындағы дүниелерді де қағазға түсіру уақыт күттірмейтін келелі мәселе екендігін ескеруге тиіспіз. Ақпараттық технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып бара жатқан кезеңде халықтың жадындағы бар байлықты жинап алу – болашақ алдындағы азаматтық парызымыз.
Эльвира БӨКЕНБАЕВА,
журналист
АЛМАТЫ