Жалпы, Иран мәселесін қозғау жөніндегі бастаманы АҚШ-тың БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Никки Хэйли көтерген болатын. Жыл бастала сала Тегеранға шүйліккен ол Қауіпсіздік Кеңесі отырысында да аталған елдегі жағдайға қатысты өз ұстанымынан айныған жоқ. Оның айтуынша, Ирандағы шерулер – адам құқығының негізі. Елдегі билікке қарсы бас көтергендер өз өмірін құрбандыққа шалуы мүмкін. Н.Хэйли ресми Тегеранның адам құқығын аяққа таптап жатқанын сөз етті.
«Адам құқығы – мемлекет берген сыйлық емес. Ол – халықтың өзіне тиесілі дүние. Иран режімі қазір назарымызда, әлем олардың не істейтінін көреді. Азаттық пен адам құндылығы бейбітшілік пен қауіпсіздіктен бөлек қарастырылмайды. Егер халықтың құқығы шектелсе, онда олар лайықты түрде қарсылық көрсетеді», деді Н.Хэйли.
Алайда, АҚШ-тың Иранға қатысты ұстанымы Кеңеске мүше басқа мемлекеттердің тарапынан қолдау тапқан жоқ. Отырыста екінші болып сөз алған Франция өкілі Франсуа Делатр Таяу Шығыста күн тәртібінде тұрған маңызды оқиғалар бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Иранға қатысты талқыланатын мәселелер жетерлік. Мәселен, Иранның ядролық қаруды қолдануы, елдің Таяу Шығысқа әсері мен ондағы шиеленісті шешу жолдары Кеңес аясында қарастырылуы керек. Бірақ Ф.Делатр таяуда Иранда болған шерулердің халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікке тигізер кері әсері шамалы деп санайтынын жеткізді.
Жиынға төрағалық еткен Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Қазақстан ұстанымын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ирандағы ахуал елдің ішкі шаруасы және оны талқылау Қауіпсіздік Кеңесінің құзыретіне кірмейді. Қазіргі таңда Ирандағы жағдайдың тұрақтанғанын атап өткен Қ.Омаров Таяу Шығыста әлі күнге шешімін таппаған мәселелер көп екенін атап өтті.
«Қазақстан күш қолдану одан әрі өршіп кетпес үшін дау-жанжалдарды бейбіт шешуді мақсат етеді. Осы орайда, Иран билігін өз халқы мен ондағы бүкіл әлеуметтік топтарды өзара келісімге келуге үндеуге шақырамыз. Қазіргі таңда елдегі жағдай тұрақталды. Сонымен қатар біз кез келген шиеленістің бейбіт жолмен шешілетініне сенімдіміз», деді Қ.Омаров.
Қытай да АҚШ-тың бастамасы Қауіпсіздік Кеңесінде талқылауға келмейтінін мәлімдеді. Қытайдың Тұрақты өкілінің орынбасары У Хайтаоның айтуынша, Таяу Шығыстың кей өңіріндегі жағдай алаңдатарлықтай. Сондықтан халықаралық қоғамдастық ондағы шиеленісті шешу үшін барын салуы керек. Әсіресе Палестина мәселесі өте маңызды. Бұл мәселеде халықаралық қоғамдастық «екі мемлекет» шешіміне арқа сүйеуі керек. Қытай өкілінің пікірінше, Қауіпсіздік Кеңесінің басты бағыты халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікке арналғандықтан, Кеңес аясында ешбір елдегі адам құқығы талқыланбауы тиіс. Қазіргі таңда Иран әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікке нұқсан келтіріп тұрған жоқ.
Ресейдің БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Василий Небензя Н.Хэйлидің ұсынысын сынға алды. Оның пікірінше, осы әрекеті арқылы АҚШ тарапы Қауіпсіздік Кеңесінің алаңын сыйламай отыр.
«Бүгін АҚШ-тың Қауіпсіздік Кеңесі алаңын өз мақсатында қолданып отырғанының куәсі болдық. Кеңестің тұрақты мүшесі және БҰҰ Жарғысы авторларының бірі саналатын АҚШ неліктен халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікке жауап беретін ҚК-нің беделіне нұқсан келтіріп отыр? Күн тәртібінде талқыланатын мәселе Кеңестің жарғысына сай келмейтіні бәрімізге белгілі», деді В.Небензя.
Ресей өкілінің пайымдауынша, Ақ үй билігін Иран халқының құқығы қызықтырмайды. Керісінше, осы жағдайды АҚШ өз мүддесіне пайдаланып кетуді көздейді. Яғни, адам құқығын желеу етіп, Ирандағы ядролық бағдарлама төңірегіндегі мәселені өзіне ыңғайлы етіп шешуге талпынады, деді ол. Осы орайда, В.Небензя Қауіпсіздік Кеңесі Ирандағы ахуал ушығып кетпес үшін ондағы жағдайға араласпау керек екенін атап көрсетті.
Бұдан кейін Иранның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Голямали Хошру баяндама жасады. Ол өз елінің ішкі жағдайына араласқан АҚШ тарапын сынға алды. Ақ үйдің Иран ісіне араласуы 1953 жылдан басталады. Бұл жолы да америкалықтар елдегі ішкі жағдайға араласып отыр, деді Г.Хошру.
Боливия өкілі Педро Луис те күн тәртібіндегі мәселенің Кеңес қарастыратын тақырыптар аясына жатпайтынын айтты. Оның пікірінше, Ирандағы ахуал халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қауіп төндірмейді.
Бұдан кейін сөз алған бірқатар мемлекеттің өкілдері Ирандағы болып жатқан жағдайға қынжылыс білдіріп, ел үкіметін мәселені оң реттеуге шақырды. Жиын соңында Қазақстанның Тұрақты өкілі журналистермен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»