Мәжіліс депутаттары – «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Сырдария ауданында болды.
Қуаныш Сұлтанов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Мұхтар Ерман, Балайым Кесебаева, Абзал Ералиев, Геннадий Шиповских ауысымына 250 адамды қабылдайтын орталық емхананың жұмысымен танысып, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесті. Амбулаториялық емхана «150 дәрігерлік амбулатория, емхана және фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылысы» бағдарламасына сәйкес салынған.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жасалып жатқан игі істерге ризашылықтарын білдіріп, өздерінің зейнеткерлік жасын қайта қарау туралы ұсыныстарын айтты.
Аталған кездесуден кейін Мәжіліс депутаттары аудандағы бірқатар кәсіпкерлік нысандар мен әлеуметтік-мәдени мекемелердің жұмысымен танысты.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА
* * *
Парламент Сенатының депутаты Ольга Перепечина Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы 183 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Есіл су» бөлімшесінде болды.
Кәсіпорын қызмет көрсететін аймақтағы 2920 шақырым су құбырының басым көпшілігінде апаттық жағдай орын алып отыр. Ұзындығы 1800 шақырым болатын құбыр бөліктеріне жедел жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 48 млрд теңге бөлу керек. Кәсіпорын басшылығы су құбырын жаңартуға республикалық бюджеттен қаржы бөлуге көмектесу үшін сенаторға өтініш айтты.
О.Перепечина, сондай-ақ Петропавл қаласындағы Машина жасау колледжінің ұжымымен де кездесті. Оқу мекемесінде дуалды жүйе негізінде білікті мамандар даярлау жөніндегі жоба табысты жүзеге асып келеді. Бұл жоба Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы төртінші басымдықты іске асыруға – адам капиталы сапасын жақсартуға бағытталған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
* * *
Облысқа келген Парламент Мәжілісінің «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттары Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» және «АгромашХолдинг» машина жасау зауыттарының өндіріс алаңында болды.
Халық қалаулылары зауыттардың цехтарындағы автомобильдерді құрастыру жұмыстарының дәнекерлеу, бояу, құрастыру және тағы басқа жұмыстарынан тұратын толық үдерісімен танысты. «СарыарқаАвтоПром» зауытында бүгінде бірқатар әлемдік брендтер шығарылады.
Депутаттар келесі кезекте «АгромашХолдинг» зауытында құрастырылатын ауылшаруашылық техникаларын көрді. Бұл зауыт Беларусьтің ауылшаруашылық техникаларын өндіретін атақты «Гомсельмаш» зауытының өнімін Қазақстанда құрастыру құқына ие болған жалғыз өндіріс орны екенін айту ләзім.
Құрамында И.Аронова, А.Рау, А.Суслов, В.Олейник, И.Клименко, С.Құсайынов бар мәжілісмендер сапарлары барысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырып жатқан Қостанай ауданындағы «Северный» шағын тұрғын ауданында болды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ
* * *
Парламент Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев Байзақ ауданында болды. Халық қалаулылары ауданда Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттердің жүзеге асырылу барысымен танысты.
Депутаттар болған Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылындағы «Мамбетова К» жеке кәсіпорны шұжық және нан өнімдерін өндіреді. Аталған кәсіпорында 40 адам жұмыспен қамтылып, екі ауысымда жұмыс істейді. Кәсіпорын басшысы Раушан Мәмбетованың айтуынша, өндірілетін тәтті тоқаштарға облыстың барлық аудандарымен қатар, Алматы және Байқоңыр қалаларынан тапсырыс берушілер көп екен. Сенаторлар кәсіпорын жұмысына оң баға берді.
Бұдан кейін Сенат депутаттары Көктал ауылында салынып жатқан май өңдеу цехына барды. Аталған кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, 74 миллион теңгеге құрал-жабдықтар сатып алған. Жас кәсіпкер Болат Есенбаев депутаттарға енді өндіріс орны толық іске қосылса, 50 жаңа жұмыс орны ашылатынын жеткізді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы
* * *
Өңірге келген Мәжіліс депутаттары Айзада Құрманова мен Айгүл Нұркина жергілікті тұрғындармен кездесті.
Облыс орталығындағы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы кеңсесінде өткен кездесуде қала тұрғындарының тегін берілуі тиіс дәрілерді дәріханалардан ала алмауы немесе басқа дәрімен алмастырып беру жағдайлары сөз болды.
Оның мәнісін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мамандары түсіндіруге тырысты. Ал депутаттар тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектердің тұрғындарға қолжетімді болуы алдымен барлық мәселе жергілікті жерде нақты шешімін табуымен тікелей байланысты екендігін атап көрсетті.
Мәжіліс депутаттары Артур Платонов пен Мейрам Пішембаев «Павлодар» СЭҚ аумағындағы «Гиссенхаус» ЖШС алюминий қоспасын өндіретін кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Айта кетейік, Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы ретінде іске қосылған нысанның инвестициялық көлемі 6,7 млрд теңгені құрайды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
* * *
Парламент Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин жұмыс сапары барысында Жарма ауданының жұртшылығымен жүздесіп, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары жайында баяндады.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Шафхат Өтемісов, Ольга Шишигина, Евгений Козлов Өскеменде О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінің, №1 қалалық аурухананың жұмысымен танысып, облыстық сот ұжымымен кездесу өткізді. Сонымен қатар Семейдегі спорт академиясында болып, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты ұжымымен жүздесті және Парламенттің атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, орманшыларды толғандырған мәселелерге құлақ түріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Аягөз, Үржар және Тарбағатай аудандарының тұрғындарымен кездесті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы