Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» – деп дәлме-дәл, нақты айтыпты.
«Елім үшін – жан пида» деп, қазақ жерінің бір пұшпағының, қиыр оңтүстік өңірінің жау қолында қалмауы үшін шапқыншыларға әрдайым тойтарыс беріп келген, ат үстінде өмір кешкен батырлардың бірі – Төлебай Лепесұлы. Жаз жайлауы, қыс қыстауы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданында болған батырдың туылған жылы, көнекөз қариялардың айтып кеткендеріне қарағанда, шамамен 1705 жыл. Төлебай батыр жоңғар шапқыншылығына қарсы шайқаста қол бастаған, сондай-ақ Қоқан хандығының езгісіне қарсы күрескен. Бұл туралы ел аузында көптеген әңгімелер сақталған, Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында Төлебай батырдың есімі аталған, сондай-ақ кеңес заманына дейін өмір сүрген белгілі ақындар батырға арнап жыр-толғауларын шығарған.
Ақын Қазанғап Байболұлы (1891-1945) «Төле бидің тарихы» дастанында Төлебиге кеңесші болған батырлар жөнінде:
«Кеңесқой он екі еді Төлеге ерген,
Шымырдан Қойгелді еді мәжіліс берген.
Сыйқымнан – Мәлік, Қарабатыр, Қаңлы қон,
Алшынбай – тамадан, Қаранар – сіргеліден,
Төлебай – қоңырат, Көтен – бөгәжілі,
Іріктеп таңдап шыққан әрбір елден» – деп жазған.
Оңтүстік жеріндегі Бадам өзенінің Арыс өзеніне құяр сағасына жақын жерде биік қырдың өзен жаққа қараған қапталында үлкен бекіністің орны жатыр. Бұл жерді жергілікті халық «Төлебай қорғаны», «Төлебай төбе» деп атайды.
Төлебай батыр жоңғарға қарсы Аңырақайдағы шайқасқа мың сарбазды бастап барып қатысқаны К.Аманжолов пен А.Тасболатов жазған «Қазақстанның әскери тарихы» оқу құралына енгізілген. Қаракерей Қабанбайдан басталып, шапырашты Наурызбаймен жиынтықталған 30 батырдың тізімінің ішінде 25-нші болып қоңырат Төлебай және Болат тұр.
«Олар кезінде ел ардақтап атайтын аруақты жандар еді. Бір еске салатынымыз, қазақ мыңдықтарын басқарған басшыларының есімдері рулық, жүздік деңгейден асып, жалпыұлттық межеге көтерілген. Олар қанды сайыстарда талай рет суырылып шыққан ерлер еді. Олардың даңқы бір ғана Аңырақай шайқасында емес, басқыншы жаудан қазақ жерін толық тазартқанша есімдері ұлы далаға аңыз болып, ұран болып, ұлттық сананы қалыптастыруға өз үлестерін қосты. Аңырақай шайқасына қазақтар да, қалмақтар да жеткілікті дайындалды. Қазақ әскерінің жалпы саны мыңдықтармен есептесек, 29 мыңдық немесе 29 мың адам болды. Қазақ әскерінің сол қанатын Әбілмәмбет хан, Сәмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды. Әскердің оң қанатын Төле бидің өзімен бірге Қойгелді, Қосы Шінет, ол кезде 17-18 жастағы Мәмбет, Сәңкібай, Шойбек сияқты батырлар басқарды. Орталық әскер тобын Әбілқайырдың өзі, Әйтеке би, Бөгенбай, шақшақ Жәнібек батырлар басқарды. Қазақ әскерінің құрамына келсек, негізгі адам күші үш жүзді түгел қамтып құрылды» – деп жазылған аталған еңбекте.
Төлебай батыр Қоқан шапқыншылығына қарсы шайқастың бірінде жау әскерін өздерінің ордасына – бектербегі орналасқан Сарыжай (қазіргі Чарджоу) шаһарына тықсырып, қуып бара жатқан кезде Жызақ жерінде ат үстінде қаза болған. Ол атынан құлап бара жатып жанындағы сарбаздарына «менің мерт болғанымды білдірмей жауды қуа беріңдер, біліп қалса бұрылып қайта шауып жеңіліп қалуларың мүмкін» деп айтыпты. Қолбасшысынан айырылған сарбаздар жауды қуалай соғысып, біраз жерге барып тоқтаған.
Осындай «елім» деп дүниеден өткен батырымызға 14 жылдан бері өзінің туған жері – кеңес жылдарында «Степной», «Теміржолшы» деп аталып, сосын шаруашылық жойылып, Арыс қаласының Дермене ауылдық округіне қарап қалған шағын ауылымызға есімін бергізе алмай келеміз. Ауыл тұрғындарының жиынының хаттамасы бойынша ауыл округі 2003 жылдың 22 қарашасында «Ауыл атын өзгерту туралы» шешім қабылдаған болатын. Жоғарғы жаққа соңғы өтініштеріміздің біріне Оңтүстік Қазақстан облысының Тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасынан Үкіметтің атау беру, қайта атау туралы 2014 жылдың 24 ақпанындағы № 138 қаулысын алға тартып өтінішімізді орындай алмайтыны жөнінде жауап келді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ауыл болып оқып, мерейіміз көтерілген. Мемлекет басшысы айтқандай: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».
Халқымыздың азаттығы жолында күрескен батырлардың бірегейі, біртуар перзенті Төлебай Лепесұлының есімін ауылымызға беруге қолдау көрсетуді сұрап, «Егемен Қазақстан» газетіне қайырылуды ұйғардық.
Асқар БАЙЖІГІТОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Арыс ауданы, Дермене ауылдық округі