Аймақтар • 09 Қаңтар, 2018

Балдақпен келгендер балдақсыз қайтады

509 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Науқастар ауруханада ем алып шыққаннан кейін бірден үйге баратын шығар деп ойлаушы едім бұған дейін. Сөйтсек олардың бәрі бірдей дертінен құлан-таза айығып кетпейтін көрінеді, әрі қарай оңалту шараларынан өтуге тиіс екен. Нақтырақ айтсақ, инфаркт немесе инсульт алғандар, жүрекке, басқа, буындар мен жұлынға операция жасатқандар, қол-аяғы семіп қалған кісілер міндетті түрде дәрігердің бақылауында болуы қажет екен. 

Балдақпен келгендер балдақсыз қайтады

Фото: Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Емханадан кейінгі ем

Жақында Өскемендегі Оңалту орта­лығының жұмысымен арнайы таныс­қанымызда мұндағы мамандардың жанкешті еңбегіне куә болдық. Жанкешті деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Бұл орталыққа негізінен операциядан шыққан, қол-аяғы дұрыс жұмыс істемейтін, жүйке жүйесі сыр берген, тіпті сөйлеуден қалған адамдар келеді. Олардың әрқайсысының қас-қабағына қарап, тілін табу, әрине, оңай шаруа емес. Орталықтың аға медбикесі Гүлжазира Әбдірахманованың айтуынша, 2015 жылы «Парыз» қорының қаржысына салынған медициналық мекемеде неврология, кардиология және травмотология бөлімдері жұмыс істейді. «Біз науқастарға ем жасау үрдістерін үш кезеңге бөліп қарастырамыз. Біріншісі, олардың ауруханада қаралуы болса, екіншісі, біздің орталықтың стационарында жатып ем қабылдауы. Үшінші кезең амбулаторлық емдеу деп аталады. Бұл кезеңде біздің стационардан шыққан науқастар үйден келіп емделеді», дейді ол.

Оңалту орталығы деп аты айтып тұрғандай, орталық емделушілерге укол салмай, дәрі бермей арнайы жаттығулар жасату арқылы, массаж, физиоемдеу көмегімен ден­сау­лық­тарын оңалтады. Спорт залы мен «еңбек терапиясы» бөлмесінде нау­қастар сіресіп қалған қол-аяқ­тарын жазу үшін нұсқаушылар жәр­демімен әртүрлі жаттығулар жасай­ды. Мәселен, «еңбек терапиясы» бөл­месінде қолы жансызданып қал­ған жандарға қасық ұстап, тамақ ішу­ді үйретеді. «Инсульттен кейін бұл­шық еттердің тартылып, қарысып қала­тыны белгілі. Бұлшық еттерді жазу үшін науқастардың қолына күнделікті өмір­де қолданатын заттарды ұсынамыз. Бұрандаларды бұратамыз. Қасық ұстай алмайтындардың қолына қасықты байлап береміз», дейді орталықтың нұсқаушысы, еңбек терапевті Саят Мұратов.

Өскемен қаласының тұрғыны Нина Рябова мұнда №1 қалалық емха­на­ның инсульт орталығынан келіпті. «Орталық жұмысына ризамын. Дәрігерлер өз жұмы­сына жауап­кер­шілікпен қарайды. Тәртіп бар. Осында келгенде бір қолым мен бір аяғым әлсіз еді. Жаттығулардан кейін ақырындап жан кіре бастағандай», дейді зейнеткер.

Табиғат терапиясы

Жаттығудан бөлек электро­сти­мулятор деген құрылғы арқылы солып қалған бұлшық еттерді қалпына келтіруге болады. Физиобөлімінің қызметкері Салтанат Қадылбекованың айтуынша, аталған құрылғыны электр қуатына қосқан кезде жансызданып қалған қол мен аяққа жан кіріп, бұлшық еттер қимыл-қозғалысқа келеді екен. Бір ескерер дүние, бұл аппаратты дені сау адамдарға қолдануға болмай­тын көрінеді. Орталыққа еліміздің өзге қала­ларынан да арнайы келіп емде­летіндер бар. Науқастар палатадан шық­пай-ақ тамақтанып, системаны да палатада қабылдайды. Дәретхана да, себезгі бөлмесі де осында.

Операциядан шыққан, инсульт алған адамның бәрінің болмаса да көпшілігінің сіркесі су көтермей, ұнжырғасы түсіп, күйреуік келетіні белгілі. Инфарктен кейін тілден қалатын кісілер де болады. Мұндай адамдарға тек жаттығу мен массаж аздық етуі мүмкін. Осы мақсатта орталықта психологтар мен логопедтер, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. «Ең әуелі науқаспен асықпай сөйлесеміз. Дауысына, бет-әлпетіне қарап ем белгілейміз. Егер адам әңгіме барысында ашылып сөйлей алмай, қайта-қайта жылайтын болса арттерапия белгілейміз. Арттерапия дегеніміз – сурет салу.

Сурет салдыру арқылы ішкі сезімін, көңіл күйін аң­ғарамыз. Ал егер мүлде сөйле­гісі, сөйлескісі келмейтін адам­дар болса, оларды қина­май­мыз. Туыс­тарын, жақын-жуықтарын шақырып, солармен сөйлесеміз. Өйткені ешкім­ге сенбейтін, туыстарына, жақын­дары­на, достарына ғана сенетін адам­дар бар», дейді орталықтың психологтары­­ның бірі Ерке­жан Төлеуханқызы. Ал бо­йында қорқыныш, үрей бар нау­қас­тарға аутотре­нинг та­ғайын­­дала­ды. Ауто­тре­нинг де­геніңіз – табиғат, таби­ғат ая­сындағы сайраған құс­тардың, жүгірген аңның, соққан желдің, жауған жаңбыр­дың, аққан бұлақтың дауысы. Арнайы магнитофон арқылы табиғат-ананың үніне құлақ түргенде науқастар көңілденіп, сабырға келіп, барақат күй кешеді екен.

Тегін қызметті тұрғындар неге ала алмай отыр?

Орталық 2016 жылы – 2265, 2017 жылы 3 мыңға жуық пациентке қызмет көрсетіпті. Операция жасатқан, инсульт алған адамдар мұнда ауруханадан шыққаннан кейін жарты жылдың ішінде келуі керек екен. Орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Тол­қын Секеева ашылғанына екі жылдан асса да өңір тұр­ғын­дарының көпшілігі бұл меке­менің бар екендігінен бейхабар екенін айтады. Бейхабар болғандықтан уақытын өткізіп алып, өздеріне тиесілі ем-домға қол жеткізе алмайтын көрінеді. «Тұрғындарды былай қойғанда, кейбір дәрігерлердің өзі Өскеменде осындай ор­талық­тың жұмыс істейтінін біл­мей­тін секілді. Біз әзірге об­лыс орталығындағы №1 қала­лық және облыстық ауруханамен жұмыс істеп жатырмыз. Негізінде аймақтағы басқа емханалармен де тығыз жұмыс істеуіміз керек. Анықтап, сұрап білгенімізде облыста операция жасатқан адамдардың 30 пайызы ғана бізге келіпті. Бұл олқылықтың орны алдағы уақытта толатын шығар деп ойлаймыз», дейді ол. Олқылық демекші, бас дәрігердің орынбасары өздерін толғандырып жүрген бір мәселені айтты. 2017 жылдың мамыр айына дейін орталықта облыс тұр­ғындарының барлығына (балалардан бөлек) тегін қызмет көрсетіліпті. Осы уақыт­тан бастап тек әлеуметтік жағы­нан аз қамтылған тұрғындарға, мүгедек­тер мен зейнеткерлерге, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне ғана жеңілдік жаса­лады екен. «Біздің негіз­гі, әуелдегі мақсатымыз – жұмыс істейтін халыққа қыз­мет көрсету еді. Қазір сол мүм­кін­діктен айырылып отыр­мыз. Денсаулық сақтау министр­лігіне, еліміздің бас реа­билитологына хат жолдадық. Мәселе оң шешімін табар деп ойлаймыз. Жалпы алғанда, орталық дәрігерлері емделушілердің аяғынан қаз тұрып кетуі үшін аянып жатқан жоқ. Қол арбамен, балдақпен келіп, өз аяғымен қайтып жатқан жандарды көргенде қуанамыз. Бүгінде орталықта 125 қызмет­кер еңбек етеді. Оның 20-сы – дәрігер. Олар Кореяда оқып келген», дейді Т.Секеева.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН