Астанадан облыс орталығына күпті көңілмен түнделете жеткеніміз есімізде. Өзін: «Қуат Есімханов», деп таныстырған жігіт ағасы аз-кем әңгімеден соң жерлеу рәсіміне байланысты жұмысқа еш алаңдаудың қажеті жоқ екенін, бәрі де ұйымдастырылып қойғанын қолмен қойғандай етіп, нақпа-нақ айтып берді. Расында да ертесіндегі іс-шаралар оның баяндағанындай болды да шықты. Сөз арасында тоқтала кетер бір жайт, марқұм Мәкең, Мәлік Мұқанов егемендіктің елең-алаңында Қызылжар өңіріндегі ел мен жер тағдыры үшін арыстандай арпалысқан азаматтардың сойынан-тын. Осындай ерен еңбегі бар жанмен қоштасу оның аты мен затына лайық деп айтарлық жерде – бұрынғы облыстық партия комитеті саяси оқу үйінің үлкен ғимаратында өтті. Білетіндердің баяндауынша бұл бұрын-соңды болмаған жайт. Облыс әкімінің орынбасары мұны осылай шешумен шектеліп қоймай, тілшімізді жерлеу, оған ас беріп, басына белгі орнату сияқты жұмыстарға да үлкен көмек көрсетті. Сөйтіп қаралы отбасына салмақ түсірткізбеді. Осыны өз көздерімен көрген елдің сонда алымды да шалымды жігіт ағасына алғыс айтпағандары кемде-кем еді.
Сол жүздесуден соң Қуат Есімханұлымен әр кездері әртүрлі жағдайда кездесіп қалып жүрдік. Тіпті бір-екі рет сапарлас та болдық. Сонда оның бойынан елге үлгі-өнеге болатын көптеген қасиеттерге көз жеткізген жайымыз бар. Әрине, олардың бәрі өзіміз сөз еткелі отырған кейіпкерімізге бір күнде немесе бір жылда келе қоймағаны, барлығы өз бетімен бола салмағаны анық. Байыптап қараған жанға оның әрбір адами іс-әрекеті мен кісілік келбетінің ар жағында уақыт тезінен өткен тағылымды өмір жолдары жатыр дер едік. Қане, енді соларға үңіліп көрелікші...
Өзінің айтуынша ол әкеден ерте көз жазған. Ес білгеннен бастап көргені тек әжесі мен анасы болыпты. Әжесі Кәмеш аңыз бен ертегіні көп білетін, тұлымшағы желбіреген жасөспірім кезінде атақты Иманжүсіптің әнін естіп, бертін келе Естай ақынды көрген кісі екен. Немерем болашақта сондай ел ардақтылары болса ғой, шіркін, деген тілеумен оған 6 жасында домбыра, 11-ге толғанда гармонь сатып әперіпті. Ал анасы Жәкенге келсек, еңбек жолын ұжымшарда бастап, кейін бұл құрылым ірілендірілгенде май зауытына басшылық етіпті. Ол кісінің соғыс уақытында көрген бейнетін ешкімнің басына бермесін деңіз. Бірде алыстағы ауылдардан сүт жинап, орталыққа кештетіп келе жатқанда, қасқырлар қамамай ма? Жыртқыштардың ұлыған даусынан үріккен ат арбаны ала қашқанда бөшкелер төңкеріліп, келіншектің бір аяғын майып етеді. Не деген көнтерілік, сіріжандылық десеңізші. Ауруханада ұзақ жатып емделіп шыққан соң қайтадан жұмысқа жегіледі. Сөйтіп содан кейінгі 53 жыл бойы протезбен қатардан қалмай еңбек етеді.
Қаршадайынан осындай жағдайды көріп, біліп өскен жеткіншектің бойында қандай сезім қалыптасып, ойында нендей мақсат-мұрат бүр жарған еді деп ойлайсыздар?.. Әрине, табандылық, адалдық, қайырымдылық, ең бастысы өмірге деген құштарлық дер едік. Осы қасиеттерді жанына жалау еткен ол алғырлығы мен шамдағай қимылға толы іс-әрекеті арқылы ерте есейді. Мұны жалпылама, құрғақ сөзбен емес, нақты статистикалық факт тілімен айтар болсақ былай. Мектеп, жоғары оқу орнын өз ретіне қарай бітіріп, өндіріс, шаруашылық жұмыстарында тез тәжірибе жинақтап үлгерген ол небәрі 27 жасында Павлодар облысындағы Май аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 29-ға енді иек артқанда кеңшар директоры, ал 32-інде аудандық атқару комитетінің төрағасы лауазымдарын иеленді. Елге қайта құру мен жариялылық келіп, жұрт демократиялық үдерістерге бет алғанда 36 жастағы Қуат Есімханұлы он сан орыс ортасындағы Ермак қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы еді.
Бұл өзі қиын да қызықты кезең болатын. Олай дейтініміз, нақ сол кезде қоғамдағы пікірлер сан алуандылығына кең жол ашылып, ел өз ойын еш бүкпесіз еркін айтуға көшкен уақыт-тын. Түрлі тілек, ұсыныс тасқыны толассыз түсіп жатқан сол шақта ұлт, тіл жөнінде қордаланып қалған шетін мәселелерді шиін шығарып алмай шеберлікпен шешу керек болды. Соның бірі мәселен қаладағы қазақ балабақшасын ашу мен Ермактың ескерткішін алу жөніндегі жұртшылық өтініші еді. Қуат Есімханұлы ойланып көрсе, 1989 жылға дейін мұнда жергілікті ұлт тілінде бірде бір мектеп немесе мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер орталығы болмаған екен. «Естір құлаққа ұят қой мынау. Қолға алу керек. Мұндай іске атсалыспасақ, несіне басшы болып жүрміз?» – деді ол іштей ширығып. Сөйтті де банкротқа ұшыраған бір зауыттың қала ортасында бос қалған кеңсесін алып, балабақшаға бейімдеуге пәрмен берді. Ол дайын бола бергенде «ұлыорыстық» кеудемсоқ пиғылдағы қарсы насихат басталмасы бар ма? Бұған енді қазақ балабақшасы үшін өз ана тілін жетік білетін кадрларды іздеу, табу проблемасы қосылды. Расында да сол кездері 80 пайызы өзге ұлт өкілдері тұратын қалада бұл өте қиын шаруа еді. Намысқа тырысқан Қуат Есімханұлы ол кедергіні де еңсерді. Қалай дейсіздер ғой. Тәуекел деп меңгерушіні іргедегі Приозерный кентінен, ал тәрбиешілерді қырдағы қазақ ауылдарынан алдыртты. Алдыртып қана қоймай, олардың бәрін баспанамен қамтамасыз етті. Сөйтіп шовинистік пиғылдағы топтың шулағанына қарамай, жұртшылық өкілдеріне уәде еткен мерзімде қазақ балабақшасын ашуға қол жеткізді.
Ал Ермактың ескерткішіне келсек, шынында да оның 60-жылдардың басында бой көтеріп, ширек ғасырдан астам уақыт қазақ даласында менменсіген кейіппен тұруы халқымыздың қай ұрпағының да көзіне күйік еді. Олай дейтініміз, 1983 жылы біздің де ол тас мүсінді көріп, қатты қорланғанымыз бар. Ондай күйге түсуімізге біріншіден, шойын дулығасын түксиген қабағына түсіре киген қабасақал атаманның ұзын қылышын қос қолымен көлденең ұстаған дүлей бет әлпеті болса, екіншіден, ескерткіштің етек жағындағы: «Ермакқа. Ризашылық білдірген тың игеруші ұрпақтарынан» деген жазудың тұрғандығы болатын. Егемендігіміздің елең-алаңында осыған байланысты халық наразылығы басталды дейсіз. Қала әкімі мұндай жағдайда не істеуі керек? Әрі-бері ойланған Қуат Есімханұлы Алматыға, сондағы Ғылым академиясы Тарих және этнология институтының директоры Манаш Қозыбаевқа барып жолығуды жөн деп тапты. Академиктен бар жайға қаныққан ол қайтып келген соң ғалым ағаның айтқан ақылымен жұмыс істеуге кірісті. Алдымен атаман, оған арналған ескерткіштің не себепті тұрғызылуы туралы анықтама, құжат жинақталды. Содан кейін бастамашыл топтың уәждері ой елегінен өткізіліп, пысықталды. Ғылыми конференция өткізілді. Осы іс-шаралардың негізінде Сәбетқазы Ақатаев, Жасарал Қуанышәлин, Амантай қажы жетекшілік ететін қоғамдық қозғалыстардың атынан үндеу жарияланды да сол күннің түнінде кешен құлатылды. Ертесінде етпетінен түсіп жатқан ескерткішті көрген шовинистер аттан салып әкімдікке келгенде, Қуат Есімханұлы былай деді: «Алдымен айтарым, Ермак ешқандай да езілуші тап ерлері ретіндегі Степан Разин немесе Емельян Пугачев емес. Тарих оқулықтарында ол басбұзарлық әрекетіне байланысты жазаланып, Сібірге жер аударылған адам делінген. Екінші, сіздер шулап, дабырайта көрсетіп жүрген бұл адамның Қазақстанға еш қатысы жоқ. Мұнда тумаған, тірлік етпеген, сүйегі де бұл жерде емес. Ресейдегі Омбы облысының Тарск аңғарында қаза тапқан. Үшінші, ескерткіш болған соң оған қойылар талаптардың да бар екенін естен шығармаған жөн. Өкінішке қарай, 60-жылдардағы ұраншыл белсенділер оны сақтамаған. Патшалық Ресей жерінде мәселен, осындай кешендердің Мәскеудегі Ю.Долгорукий, Санкт-Петербургтегі І Петр, ал Кеңес Одағы кезінде одақтас республикалар астаналарындағы В.И.Ленин ескерткіштерінен биік болмауы керектігіне ерекше мән берілген. Ермактың мына бейнесі жоғарыдағы тәртіпке сәйкес емес, олардан 0,2-0,3 метрге дейін артық. Сондықтан...».
Осылай деген қала әкімі: «Сөзімді тағы жалғастырайын ба, жоқ әлде мына уәж сіздерге жеткілікті ме?» дегендей алдындағы адамдарға үнсіз барлай қарады. Өйткені ойында жұптап қойған тағы бір мықты дәлелі бар еді. Жоқ, олар оны айтқызбады. Қатарлары сетінеп, үнсіз тарай бастады.
...Осы жолдарды жазып отырғанымызда, кейіпкеріміздің бойындағы басты бір ерекшелік ойымызға әлсін-әлсін орала берді. Ол оның ел, халық үшін қолға алып бітірген істерін ешуақытта жар салып жарнамаламай, ұлттық мүдде жолындағы жаңа жұмыстарды еңсеруге бірден жанын сала кірісетіндігі дер едік. Мысал керек пе? Айтайық.
2000 жылы Қуат Есімханұлының Солтүстік Қазақстан облысына әкімнің орынбасары қызметіне келгенін мақаламыздың басында айтып өттік-ау деймін. Міне, сондағы өңір активімен болған бір басқосуда журналист Жақсыбай Самрат Қызылжардың ескі бөлігіндегі Абылайдың ақ үйі туралы мәселе көтереді. Сол оқиғаға куәгер, қазіргі Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырманның айтуынша, төбесі ортасына түсіп, төрт қабырғасы ғана қалған оған біреулер күліп, басқалары мүмкін емес, бұл аңыз деп жоққа шығарады. Бұған іштей намыстанса да сыр бермеуге тырысқан біздің кейіпкеріміз жұртты сабырлылыққа шақырып, әңгіменің анық-қанығына көз жеткізу үшін осы тақырыпты көтерген журналист пен облыстық мұрағат директорын Мәскеу немесе Санкт-Петербургке іссапарға жіберуге шешім қабылдағанын айтады. Олар Қызылжардан аттанып, о жақтағы жұмыстарының қиын жүріп жатқанынан хабардар еткен соң өзі де барып қайтуға бел байлайды. Тәжірибесі бар басшы емес пе, көрші елге жол жүрерінің алдында бір кездері Қазақстанның орталық, солтүстік өңірлерінде өмірге келіп, еңбек еткен, кейін Ресейге қоныс аударып, сонда үлкен ведомстволарға жетекшілік етіп отырған екі-үш жерлесінен қол ұшын беруді сұрайды. Солардың көмегімен Сыртқы істер министрлігінің мұрағатына рұқсат алады. Міне, сондағы XVII-XVIIІ ғасырлардағы көне құжаттарды сүзгіден өткізгенде, олардың арасынан ІІ Екатерина патшайымның Абылай ханға қысқы резиденция салып беру жөніндегі 1765-1766 жылдарғы жарлықтары, ғимараттың сызбасы, құрылысқа жұмсалатын қаржының жалпы көлемі туралы құжаттар шығады. Жаңалық елге тез жетіп, бұдан билік басындағы азаматтар да хабардар болады. Соның нәтижесінде Қызылжардағы хан ставкасының 260 жыл бұрынғы бас жоспары негізінде ғимарат қалпына келтіріліп, Елбасының қатысуымен бүгінгі ұрпаққа есігін айқара ашты. Осылайша бір кездері бұл жерде ештеңе болмаған деп ауыздарын қу шөппен сүрткен жергілікті өлкетанушылар өздерінің көп жылдардан бері жазып келе жатқан «еңбектеріне» өзгерту енгізуге мәжбүр болды.
Қуат Есімханұлы мұндағы ел тірлігі, халық мүддесі үшін сол кездегі облыс әкімі Қажымұрат Нағымановпен бірге тыным таппай 4 жыл жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында оның өңірдегі ағымдық, науқандық шаруалардан басқа ұлт мұраты жолындағы еңбегі ересен екенін Қызылжардың қарты мен жасы саусағын бүгіп тұрып санап айтып береді. Солардың бәрін емес, кейбіреуін ғана еске алсақ, олардың өзі біраз сөйлемге жүк болары анық. Десек те Президент тапсырмасымен кейіпкеріміздің ғалым Шоқан Уәлиханов оқыған Омбы кадет корпусы іргесіндегі бір көшеге жерлесіміздің есімін әперу және ескерткішін қойғызуға күш салу, көрші елдің осы қаласындағы ақын Мағжан Жұмабаев білім алған педагогикалық училищеге мемориалды тақта орнатуды жүзеге асыру сияқты істерге ұйытқы болғанын айтпай кетпеуге болмайды. Бұған 2002-2004 жылдары Қызылжардың барлық мекемелерінде апта сайын бір күн – қазақ тілі күні болып белгіленіп, сол күні түрлі деңгейдегі басшы, қосшының бәрі мемлекеттік тілде сөйлеуге тырысатын дәстүрге бастамашылық етуін қосыңыз. Олардың бәрі осы күнге дейін ондағы ел-жұрт есінде. Сол үшін де қандастарымыз оған рахметін айтады.
Кейіпкеріміз 2006 жылдан бастап Астанаға келіп, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясындағы белді бір акционерлік қоғамға жетекшілік етті. «Темір жол жылу» деп аталатын бұл мекемедегі оның қызметі салалық құрылымдарды отын энергиясымен қамтамасыз ету сияқты өндірістік, шаруашылық жұмыстар болғанымен, бос уақытында ол халқымыздың тарихи түптамыры мен рухани ұстындары деп айтарлық адамгершілік-имандылық шараларына белсене араласты. Ескертіп айтарымыз, оның бұл ісі осы күні модаға айналып кеткен жаттанды, жалт-жұлт еткен жарнамалық, әсіреқызыл әрекеттерден мүлде бөлек нәрсе. Ол «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» аясындағы салмақты да салиқалы істер. Мұны оқырмандарға түсіндіру үшін республика Үкіметінің осыдан 15 жыл шамасы бұрын бастап, содан бері жүйелі жүргізіп келе жатқан Күлтегіннің Моңғолиядағы сына жазу ескерткіші көшірмесін елордаға әкелу, әл-Фараби ғұламаның Дамаскідегі зираты мен сұлтан Бейбарыстың Каирдегі мешітін қамқорлыққа алып, күтім жасау сияқты шараларын еске алған жөн. Қуат Есімханұлының соңғы кездері қолға алған ізгі ісі мемлекеттік деңгейдегі сондай имандылық көрінісінің кішірейтілген көрінісі. Яғни республикамыздағы ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс секілді зұлматтарда атаусыз кеткен ардақтыларымыздың басына белгі қойып, ұрпақ жадында қалдыру, көрнекті тұлғалардың ізі қалған орындарды да қастерлеп, құрметтеу секілді жеке адамның адамгершіл қарекеті. Бұларды оның бүгінге дейін осы бағытта қолға алып, жүзеге асырған нақты істерімен баяндасақ, мәселе былай.
Бірде ол іссапармен Көкшетауға ат басын тірейді. Жұмысын бітірген соң, сондағы мұсылман зиратындағы аруақтарға құран оқуға барады. Кіреберістегі жол бастаушы қарт мұнда өңірдегі көптеген аяулы жандардың мәңгілікке дамылдап жатқанын хабардар ете келіп, олардың арасында Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аянның да бар екенін айтады. Қуат Есімханұлы бұл жайды ақынның жары Гүлбаһрамның жазып қалдырған естелік хатынан білетін. Онда апай Сәкен ұсталып, еш хабар болмаған соң Қызылжардағы туыстарына барып, одан Көкшетауға келе жатқанын баяндайды. Қолында әл үстіндегі ұлы Аян бар екен. Сәби жол үстінде шетінейді. Жолсерікке айтса, кезекті стансадан түсіріп тастауы мүмкін. Сондықтан жансыз баласын емізгендей болып отырып, Көкшетауға жетеді. Таныс татар кемпірдің үйін тауып, сол әни екеуі перзентін зиратқа түнделетіп жерлейді. Хатта бар жағдай осылай деп айтылған. Сол есіне түскен кейіпкеріміз көп кешікпей мұнда қайта оралып, жөн білетін үлкендердің қатысуымен асылдың сынығы, қыранның қиығы, ғайып құсы Аянға құран бағыштайды. Ас беріп, басына белгітас қояды. Оған ақын Несіпбек Айтұлы шығарған: «Үзілген бір қауырсын жатыр мұнда, Сәкендей ақсұңқардың қанатынан», деген сөздерді қашап жаздыртады.
Бұл жағдай осылай болса, халқымыздың бұлбұлы Күләш Байсейітоваға қатысты мына бір дерек тіпті жан тебірентерлік. Атақты композитор Еркеғали Рахмадиевтің өмірінің соңғы жылдарында Астанада тұрғанын ел жақсы біледі. Шағын бір басқосуда ол кісі мынадай естелік айтады. 80-жылдардың басында Талдықорған жақтағы ауылына барайын деп жатқан Ерекеңе халық әртісі Қанабек Байсейітов телефон соғады. Айтқан шаруасы: «Туған жеріме мені де ала кетсең», деген өтініш екен. «Жарайды», дейді бұл кісі. Сөйтеді де қарияны көлігіне мінгізіп алып, Арқарлы асуына таянғанда Қанекең машинаны тоқтаттырып, биік төбеге көтеріледі. «30-жылдардың басында, – депті ақсақал, – Күләш екеуміз отау құрып, Алматыға бет алғанда апаларың осы жерге дастарқан жайып еді. Бұл оның Жетісуға келін болып түскендегі жолымның басы деген ырымы ма екен деп ойлаймын қазір. Осы жер есіңде болсын, қарағым». «О баста байқамаппын, – дейді сөзінің соңында композитор Еркеғали Рахмадиев. – Соңғы кездері Арқарлыдағы Қанабек ақсақалдың көрсеткен төбесі ойыма жиі оралады. Шіркін-ай, сол жерге бір белгі қойылса ғой...».
Мына сөзді естіген Қуат Есімханұлы кейін әңгіме иесімен қайтадан кездесіп, мән-жайға толық қанығады. Композиторды ертіп алып, Қанабек Байсейітов аманаттап кеткен төбені көреді. Көп кешікпей ол жерге этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбек ағамыздың толғанысымен қағазға түскен: «Қазақтың әйгілі әншісі Күләштің Жетісу еліне келін ретінде алғаш келген сапарында Қанабек Байсейітұлы екеуінің ат шалдырып, дастарқан жайған жері», деген сөз жазылған белгітасты орнатады.
Ал қазақтың хас сұлуы, аты халқымыздың махаббат тақырыбындағы әндерінің лейтмотивіне айналған Қорлан ше? Ескерте кететін нәрсе, бұл жерде біз оған көп тоқталмаймыз. Себебі оны «Егемен Қазақстанның» былтырғы жылғы 31 наурызда жарияланған «Құсни-Қорлан» атты мақаламызда егжей-тегжейлі жазғанбыз. Оқырмандардың есіне салып, айтайық дегеніміз, бұл ғазиз жанның бейіті бізде емес, Ресейдің Славгород өңіріндегі Қаранай ауылындағы қорымда. Қазір сол жерде Қуат Есімханұлы мен Ерлан Арынның еңбегімен орнатылған 4,5 тонналық қызыл гранит – белгітас тұр. Онда ақын Несіпбек Айтұлының өлеңінен алынған: «Дариға өлмейтұғын әнге айналған, Дүниеге қайтып келмес қайран Қорлан», деген жолдар бар.
...Сөз соңында бұл мақаланы не үшін жазғанымызды айтайық. Өйткені газетке жеке адам туралы осындай дүниелер шыға қалса, көп жұрт оны мерейтой, даталық шаралар қарсаңындағы насихат деп түсінеді. Олай емес. Мұнда ешқандай да астар жоқ. Мақсатымыз – елге біз де аз да болса осындай адамдардың бар екенін айту. Жақсы іске жанын салатын азаматты жұртқа таныстыру. Көпшілікке үлгі етіп көрсету. Осы арқылы оқырмандарға ой салу. Басқа ештеңе де емес.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА
Суреттерде: Қ.Есімханұлы; Жетісудың Арқарлы асуындағы әнші Күләш пен Қанабек Байсейітов ат шалдырған төбе; Көкшетаудың көне зиратындағы С.Сейфуллиннің ұлы Аянға арналған белгі; Ресейдің Славгород маңындағы Қорланға қойылған құлпытас.