Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтің айтуынша, бұл сапар біздің еліміз бен Италия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына арналды. Былтыр Жұмат Шаниннің 125 жылдығына арналған симфониялық оркестрдің концертіне италиялық белгілі маэстро, импрессарио Леонардо Куадрини дирижерлік етті. Сонымен бірге, Нью-Йорктен келген Жұмат Шаниннің скрипкашы немересі Арман Мырзағалиевтің, Леонардо Куадринидің концерттері өтті. Екіншіден, гастрольдік сапар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына да қатысы бар.
Облыстық филармонияның 60 жылдық тарихы бар. Ал, Италияда өнер көрсетіп жүрген оркестрдің концерттік бағдарламасында Чайковский, Масканьи, Верди, Моцарт, Россини, Штраус және Мендельсонның шығармалары бар. Сапардың ұйымдастырушылері және дирижерлері Леонардо Куадрини және Болат Рахымжанов.
Бұған дейін Болат Рахымжанов жетекшілік жасайтын симфониялық оркестр Түркияда өткен Түркі тілдес халықтардың мәдениеті фестивалінде Трабзон, Самсун, Амасья, Анкара, Болу, Ыстанбұл қалаларында, Германиядағы Нойштадте, Ландау, Шпайерде өнер көрсетті.
– Еліміздегі Италия күндері аясында скрипкашы Нелло Сальца және дирижер Массимо Скпино да келді. Шетелдік қонақтар үлкен ықыласпен өткен концерттерден соң, мәдениет-өнер саласында өзара ынтымақтастық туралы ұсыныс білдірген-ді. Әлемдік маэстро Куадринидің арнайы шақыртуын қабыл алдық, – дейді филармония директорының орынбасары Латипа Құрақбаева.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар