Фото: Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Біз түскен үйдің иесі Төлеуғазы Мадиянов ақсақалдың атасы алып күш иесі болған екен. Шаршы топтың алдына шығып, балуандыққа түспесе де, заманында қайратымен төңірегін түгел мойындатқан секілді. Бұған бір дәлел – ол кісінің таудан көтеріп әкелген тасының әлі күнге дейін сақталғандығы. Тас жайында сәл кейінірек. Әуелі тәңір ерекше қуат берген қара күш иесінің өмірбаянына аз-кем тоқталсақ. Немересі Төлеуғазы Мадияновтың айтуынша, ақсақал Қызылқайың фермасында (қазіргі Ақбұлақ ауылы) дүниеге келіпті. Көктем туып, жер аяғы кеңіген шақта өгізді жетектеп алып, жерді өзі жыртып, бір колхоздың бидайын жалғыз өзі егіп, өзі орады екен.
«Атамыз туралы қатарластары небір қызық әңгімелер айтатын еді. Бірде былай болыпты. Қыстыгүні Ақшоқы қыстауы маңында қарда жалаңаяқ жүрген кісінің ізі жатыр дейді. «Құдай-ау, қақаған қыста жалаңаяқ жүрген бұл кім болды екен?» деп ізді қуалап барса, атам қара терге түсіп, бусанып, кең көйлегінің алдын айқара ашып тастап, ағаш шауып жатыр дейді. Атам туралы тағы бір қызықты дерек. Есімі ел көлеміне белгілі шежіреші ақсақал Бекен Исабаев бір әңгімесінде бабамыздың әйгілі әнші Әміре Қашаубаевқа күйеу жолдас болғанын айтқан еді. Әншінің Ақбұлақ өңірінің тумасы екенін ескерсек, бұл жайтқа таңғалуға болмайтын секілді. Атамыз 70-жылдардың орта тұсына дейін осында тұрды. Өмірінің соңына дейін қолынан кетпен-күрегі түскен жоқ, жатпай-тұрмай еңбек етті», дейді қара күш иесінің немересі.
Мадиян Түсіпұлының келіні Бибігүл Кенжебайқызы ақсақалдың бойы аласа болса да, аяқ киімінің өлшемі 46 размер болғанын айтып, тағы бір қызықты деректі алдымызға тартты. Кейіпкеріміз бозбала кезінде келіншегін қыстыгүні шапанының шалғайына орап, Аршатыдан Ақшоқыға дейін (бұл аралық шамамен 60 шақырымдай жер) жаяу алып қашып, арқалап әкеліпті. Тас көтерген қарияны көзімен көрген Ақбұлақ ауылының тұрғыны, зейнеткер Төлеуғали Мұңлықбаев балалық балғын шағына көз жүгіртіп: «Мадиян ақсақал күшті, қуатты кісі болды. Баламыз ғой, біз кейде амандаспай қашып бара жатқанда биялайын лақтырып кеп қалғанда етпетімізден түсетінбіз. Ол кісінің есімін, көтерген тасын осы өңірдің тұрғындарының бәрі біледі. Алдағы уақытта көтерген тасын мектеп алдына әкеп қойса, тасқа Мадиян атаның атын жазса деген ойымыз бар», деді.
Төлеуғазы Мадияновтың өмірлік серігі Бибігүл Кенжебайқызымен бірге арнайы барып, таудан көтеріп әкелінген тасты көрдік. Құнды жәдігер Ақбұлақ ауылынан 30 шақырымдай қашықтағы бұрынғы қыстау, бүгінгі жайлау Ақшоқы деген жерде жатыр екен. Тастың салмағы 100 келі шамасында секілді көрінді (одан да ауыр болуы ғажап емес). Әйтеуір екі кісі әзер дегенде орнынан аздап қозғалтқандай болдық. Өлшеп көргенімізде тастың қалыңдығы 30, ұзындығы 70-80 сантиметр шамасында екенін аңғардық. Алып күш иесінің осы жерде ұста дүкені де болыпты. Бажайлап қарасаңыз, дүкен орнының үйінділері көзге түседі. Бибігүл Кенжебайқызы бізге ақсақалдың 1975 жылы Бородулиха ауданында ұрпақтары қолында өмірден озғанын айтты. Ал Ақбұлақ ауылының әкімі Нұртай Теміржанов көненің көзіндей болған жәдігер назардан тыс қалмайтынын, биыл ауылға әкелініп, музейге қойылатынын жеткізді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Семей қаласы,
Ақбұлақ ауылы
Суреттерде: Мадиян Түсіпұлы. Сурет Ақбұлақ ауылындағы музейден алынды; Мадиян Түсіпұлы көтерген тас жанында отырған келіні Бибігүл Кенжебайқызы.