Енді міне осы жылдың басында «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры болып есімі елге танымал, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында біраз жылдар тер төккен кәнігі футболшы Самат Смақов тағайындалды.
Ол өткен маусымда көптеген жағдайларда «шаң қауып» қала берген команданы алға шығара ала ма? Алдымен айтарымыз, С.Смақов ақтөбеліктер үшін «аяғы аспаннан салбырап түсе қалған» бейтаныс адам емес, өйткені 39 жастағы футбол менеджерінің бұған дейінгі жарқын, жемісті де жеңісті жылдары осында өткені белгілі. Осы кезде Ақтөбе футболында оның айшықты ізі мен ілкімді ісі қалғанына да ешкім талас туғыза алмайды. Бейнелі түрде айтқанда соңғы кезде Ақтөбе футбол клубы бейне бір дағдарысты күйге тап болды десек, С.Смақов пен бас жаттықтырушы В.Муханов бұдан шығудың іс-жоспарын жасап, оны ойдағыдай орындап шыға алса, жоғарыда қойылған сауалға оң жауап табылары анық.
Бұл тұрғыда жаңа қызметіне кіріскен бас директор газет тілшісіне клубтың қызметін жаңа сапалық деңгейге, тіпті еліміздегі көш бастаушы футбол командаларының қатарына дейін көтеру үшін барлық мүмкіндікті жұмылдыруға әзір екенін мәлімдеді. Бұдан әрі ол команда құрамын бас жаттықтырушы Владимир Мухановпен өзара кеңесе отырып, жасақтайтынын жеткізді. Ал жаттығу үдерістеріне келгенде клуб басшысы бас жаттықтырушының төл ісіне қол сұқпақ емес. Бір айқын мәселе Самат Смақов «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры ретінде оның құрамына жергілікті спортшылар мен өз түлектерін қабылдауға басымдық бермек. Бұл үшін ол Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарынан спорттағы дарынды жастарды іздестіруді ойластырып отыр.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»