Аймақтар • 09 Қаңтар, 2018

Келер жылы Маңғыстауда 5 нысанды жекешелендіру жоспарланды

215 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында аппараттық жиында 2017 жылға арналған жергiлiктi бюджеттің орындалуы, жекешелендіру жұмыстары және денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай ұзақ мерзімді жоспары қаралды.

Келер жылы Маңғыстауда 5 нысанды жекешелендіру жоспарланды

Маңғыстау облысының қаржы басқармасының басшысы Әлбекова Марина Борисовнаның баяндамасына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарында облыс бюджетінің барлық деңгейдегі табысы (337,9 млрд. теңге жоспарымен салық төлемдері мен 335,6 млрд. теңге алымдары) 99,3%  болды. Сондай-ақ республикалық бюджеттің кірісі 203,1 млрд. теңге жоспарымен 204,2 млрд. теңге немесе 100,5%-ды құрап, артық орындалды.

Жергілікті бюджетке 131,4 млрд. теңге немесе орындалудың 97,4% -ы түсті. Аудандар мен қалалардың жергілікті бюджеттерінің үшінші санаттағы табыстары 98%-дан  103,3%-ға дейін орындалды. 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің шығыстары 175,8 млрд. теңгеге немесе жылдық жоспардың 97,6%-ы, оның ішінде жергілікті бюджет 97%, мақсатты трансферттер 99,6%-ға орындалды. (2016 ж. 183,1 млрд.теңге немесе 98,3%, оның ішінде: ЖБ - 98,4%, МT - 97,9%).

Жыл соңында табыстың жалпы жетіспеушілігінен туындаған қаржы жетіспеушілігі жергілікті бюджеттің игерілуіне әсер еткені байқалды. Облыс бойынша игерілмеген қаржының жалпы сомасы – 4 316 млн.теңгені құрады. Оның ішінде 4 165 млн.теңге жергілікті бюджетке,  151 млн. теңге (экономия) мақсатты трансферттер мен РБ (республикалық бюджет) несиелеріне тиесілі. Республикалық бюджеттің мақсатты трансферттерінің жылдық жоспары 39 млрд. теңгені құрап, оның 38,8 млрд. теңгесі  (99,6%) игерілді. Игерілмеген және 2018 жылдың 1 наурызына дейін РБ кірісіне қайтарылуы тиіс үнемделген қаржының жалпы сомасы – 150,6 млн. теңге. Жергілікті бюджет шығындарының жылдық жоспары 141,1 млрд. теңгені құрап, оның 137 млрд теңгесі немесе 97%-ы игерілді.

Сонымен қатар, аппараттық жиында 2017-2018 жылдарға арналған кешенді жекешелендіру жоспарына сәйкес Маңғыстау облысында 20 нысан жекешелендірілетіні жөнінде айтылды.

2017 жылы барлығы 15 нысанды  жекешелендіру жоспарланып, жыл қортындысы бойынша 6 нысан жүзеге асырылды. Атап айтсақ, 25,9 млн. теңгеге 2 нысан сатылды, сенімді басқаруға 1 нысан берілді, жоюылуына байланысты 3 нысан аукционнан алынды. Қалған 9 объект аукционға қатысушылардың болмауына байланысты жарамсыз деп танылды. 2018 жылы жекешелендіруге 5 нысан  қарастырылды.

Денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай ұзақ мерзімді жоспары жөнінде Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Талғатбек Бапиев баяндады.

Маңғыстау облысында медициналық ұйымдар желісін құру мақсатында мемлекеттік стандартқа сәйкес 2017-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай ұзақ мерзімді жоспары әзірленді. Аталмыш жоспарға сәйкес облыста 10 аурухана мен 29 амбулаториялық емхана құрылысы жоспарланды. Олардың ішінде  МЖӘ механизміне сәйкес - 12, мұнай компанияларынан - 2, жеке тұлғалардан - 4, ЖБ -2 нысан салынбақ.

МЖӘ механизмі бойынша Ақтау қаласындағы 35-шағынауданнан  535 төсек орындық көпфункционалды аурухана  салу жоспарға енгізілді. Ол балалар мен ересектерге арналған 13 мамандандырылған орталықты қамтиды. Ауруханаға көрші Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан да науқастар жатқызылмақ. Қазіргі таңда Атырау облысымен келісім шарт жасалды.

Маңғыстау облысының жедел жәрдем қызметін оңтайландыру облыс көлемінде бірыңғай диспетчерлік сервиспен орталықтандыруды көздейді. Жаңа тәсіл жедел жәрдем қызметін жаңартуды және аймақтағы 25 модульдік қосалқы станцияның ашылуын қамтамасыз етеді.

-Бұл жедел жәрдем бригадаларының келу уақытын 5-7 минутқа қысқартып, пациенттерді тасымалдау сатысында өлім-жітімді азайтады, сәтті реанимация қызметін 80%-ға дейін және шұғыл медициналық көмек көрсету жылдамдығын 100% -ға дейін арттырады,  дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Талғатбек Бапиев.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»