Аймақтар • 09 Қаңтар, 2018

Маңғыстау әкімі Сенат депутаттарымен кездесті

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парлемент Сенат депутаттары Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Михаил Бортник, Бақтыбай Челпеков және Дулат Қуставлетовты қабылдады.

Маңғыстау әкімі Сенат депутаттарымен кездесті

Кездесу барысында өңір басшысы депутаттарды облыстың 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерімен таныстырды.

- 2017 жылғы көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысындағы өндіріс көлемі 100%-ға жетті. Инвестиция өткен жылмен салыстырғанда 82,2% -дан 104%-ға дейін өсті. Сондай-ақ, бұрын жоспарланған барлық әлеуметтік-экономикалық жобалар жүзеге асырылды. Олардың арасында алдағы уақытта жалғасын табатын үлкен жобалар да бар.  Солардың бірі - «Нұр Капитал». Кәсіпкерлерге 1%-бен несие беретін бұл бірегей жоба Елбасының қолдауына ие болды. Сонымен қатар, Құрық портында 1 млн. 200 мың тоннадан астам жүк тасымалданды. Жылына қосымша 2 млн. тонна жүк тасымалдайтын жаңа автокөлік паромы  пайдалануға берілді», - деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, облыс әкімі Сенат депутаттарына отандық туризмді дамыту мақсатында «Ата жол» жолын қайта жаңартудың басталғанын баяндап, бұл реконструкция жұмысы Маңғыстау облысы әкімдігінің Қазақстан Республикасының Үкіметі қолдауы аясында Инвестициялар және даму министрлігімен ынтымақтаса отырып атқарылатын көптеген жобалардың бірі екенін атап өтті.

Қошқар ата қалдық қоймасын қалпына келтіру туралы депутаттардың сұрағына Ералы Тоғжанов осы мақсатта республикалық бюджеттен 17 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінгенін айтты.

- Қазір сұйық фазаны тұрақтандыру үшін КОС-1-ден 7,7 миллион текше метр тазартылған су қалдық қоймаға шығарылады. Бұдан басқа Басқұдық ауылының микроклимат, экологиялық және санитарлық-гигиеналық жағдайын тұрақтандыру үшін жалпы ауданы 8,2 гектар болатын жасыл аймақты құру басталды. Сондай-ақ, ұзындығы 3 км болатын жасыл қорғаныс белдеуін құру жоспарланған», - деді ол.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»