Аймақтар • 09 Қаңтар, 2018

Петропавлда ресейлік омарташылардың бал жәрмеңкесі өтіп жатыр

377 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Башқұртстаннан, Қиыр Шығыстан және Алтай өлкесінен әкелінген табиғи бал өнімдері дәрумендерге бай болғандықтан кезек үзілер емес.

Петропавлда ресейлік омарташылардың бал жәрмеңкесі өтіп жатыр

«Өнімнің қай түрін алсақ та адам ағзасына өте пайдалы. Мәселен, қарақұмық балының құрамында темір мөлшері өте жеткілікті. Анемия ауруынан айығуға көмектеседі. Қан айналымын қалпына келтіреді. Бауырдың жұмысын жақсартады», дейді сатушы-кеңесші Анастасия Екимова.

Жәрмеңкеге ресейлік омарташылар балдың 20-дан аса түрін әкеліпті. Бағалары әрқилы. Мысалы, ара желімінен жасалған өнімнің 1 келісі 2800 теңге тұрады. Ең қымбаты – балтозаң балы. Оның 1 келісі 6 мың теңге. Жүрек ауруларынан сауықтыруымен ерекшеленеді.

Жәрмеңкеде тозаңның өзі де сатылады. Оның беттегі әжімді кетіретін көмегі бар көрінеді. Қыз-келіншектер тарапынан сұраныс жоғары. Меймандар қаламызға әйгілі Азов халвасын да әкеліпті. Азов қаласында шығарылатын өнім 80 жылдардағы әдіс бойынша әзірленген. Өнім күнбағыс пен қант қоспасынан дайындалады. Дәмі тіл үйіреді.

Ресейлік омарташылар ұйымдастырған бал жәрмеңкесі қаңтардың 14-іне дейін жалғасады.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»