Аймақтар • 09 Қаңтар, 2018

Қазалы ауданында аурухана ашылды

848 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аудан орталығы Әйтеке би кентінде 150 орындық орталық аудандық аурухана пайдалануға берілді.

Қазалы ауданында аурухана ашылды

Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев жаңа емдеу мекемесінің ашылу салтанатына қатысып, дәрігерлер мен кент тұрғындарын жаңа аурухананың  ашылуымен құттықтады.

«Қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында еліміздің денсаулық сақтау саласы жүйелі түрде дамуда, Қазақстанның түкпір-түкіпірінде озық технологиялармен жабдықталған жаңа медициналық мекемелер ашылуда.  Бүгін, міне, 150 орындық аурухана ашылды. Бұдан бөлек, биыл осы аурухана жанынан 250 орындық емхана салуды көздеп отырмыз. Қазір емхана құрылысын салу бойынша құжаттары әзірленуде», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы аурухана ұжымының жұмысына сәттілік тілеп, жаңа «Жедел жәрдем» көлігінің кілтін табыстады.

Сондай-ақ, аурухана үшін құны 400 млн. теңге тұратын ангиограф медициналық қондырғысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алынуда. Бұл қондырғы жедел және сапалы ота жасауға септігін тигізіп, Қазалы, Қармақшы, Арал аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындарына қызмет көрсететін болады

Аудандық аурухананың ашылуына қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Мұхтар Ерман және Геннадий Шиповских пен аудандық денсаулық сақтау саласының ардагері Орақ Кеубасов қазалылықтарды қуаныштарымен құттықтады.

Сондай-ақ, облыс әкімі аудандық сот жаңа ғимаратының ашылуына қатысты. Ғимарат ішінде судья мен хатшылардың кеңселері, сот мәжілісі залдары мен мұрағат, кеңсе және қызметтік бөлмелер орналасқан.

Түстен кейін аймақ басшысы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының 2018 жылғы даму жоспары мәселелері бойынша жиын өткізіп, жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, аудан және облыстың өзекті мәселелерін талқылады.

Мәлімет үшін: соңғы 5 жылда Қызылорда облысында 57 медициналық нысан, оның ішінде Арал, Қазалы және Шиелі аудандарындағы орталық ауруханалар ашылды. 2018 жылының қаңтар айынан бастап Байқоңыр қаласында 15 мың қазақстандыққа қызмет көрсететін емхана жұмысын бастады.

Сонымен қатар, алдағы 3 жылда тағы да 100 денсаулық сақтау нысаны салынбақ. Одан бөлек, 2015 жылы медициналық нысандардың жабдықталу көрсеткіші 43 пайыз болса, 2017 жылы 76,5 пайызды құрады, ал ағымдағы жылы 90 пайызға жетеді деп жоспарлануда.