Аймақтар • 09 Қаңтар, 2018

Батыс Қазақстанда Ғұмар Қарашқа кесене тұрғызылады

481 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысының мәдениет саласында 2018 жылы біраз іс-шара жоспарланған. Соның бірі – Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысаны қатарына кірген Ғұмар Қараш зираты орнына кесене орнатылмақ. Бұл жөнінде өңірдегі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев хабарлады.

Батыс Қазақстанда Ғұмар Қарашқа кесене тұрғызылады

Сала басшысының айтуынша, өткен жыл ішінде өңірде «Туған жер – туған ел» бағдарламасы бойынша - 66 шара, «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша – 25 шара ұйымдастырылған. Ал «Туған жер – туған ел» бағыты бойынша 2017 жылы жалпы көлемі 57675,0 мың теңгені құрайтын 21 шара өткізілген. Мұның ішінде 16 желтоқсан күні Орал қаласында ашылған «Рухани жаңғыру» музейін атап айтуға болады. Бұл жобаның құны - 40 млн. теңгені құраған. Ал Сырым ауданындағы Алаш музейі 22 млн.914 мың теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, экспозициясы жаңартылды.

Қадырболат Мұсағалиев болашақта ауыл кітапханалары мәдени, ағарту және ойын-сауық орталықтарына айналатынын, бұл бағыттағы жаңғырту жұмысы аудан әкімдіктерімен бірлесе жүріп жатқанын айтты.

Сондай-ақ «Ішкі туризм» бағыты бойынша облыста виртуалды турлар және облыс ішіндегі бағыттар бойынша жорықтар ұйымдастырылмақ, бұл мақсатқа - 12 млн. теңге қарастырылған.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында Қазақстанның макросакралды объектілер тізіміне 6 нысан, атап айтсақ – ортағасырлық Жайық қалашығы, Тақсай обалар кешені, Бөкейордасы тарихи музей кешені, Алаш музейі, Жұмағазы хазрет кесенесі және Ғұмар Қараш зираты кірген болатын. 1921 жылы 21 сәуірде 45 жасында қаскөйлер қолынан қаза тапқан ағартушы ақынға арналған шағын қоршау мен белгі қазіргі Жәнібек ауданы Борсы ауылынан 10 шақырым жердегі Қараш көлі мекенінде орналасқан.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»