Президент • 10 Қаңтар, 2018

Елбасы: Білім беру жүйесін жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында ең бірінші Индустрияландыру жөніндегі жұмысты жалғастыру керектігін айтты.

Елбасы: Білім беру жүйесін жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады

«Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт төмендеген 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болды. Сол себепті жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдарымыз өзгерген жоқ», делінген Жолдауда.

Сонымен қатар индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс.

«Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет. Бұлар, бірінші кезекте, технологиялардың трансфертін ынталандыруға тиіс. Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек. Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді. Ол біздің Назарбаев Университеті, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновациялық орталықтардың төңірегінде қалыптасуға тиіс», деді Елбасы.

Мемлекет басшысы «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің қызметін ұйымдастыруды түбегейлі қайта қарау қажет екенін атап өтті.

«Нақты сектордың жаңа технологияларға деген сұранысты ынталандыруы және венчурлық қаржыландырудың жеке нарығының қызметі инновациялық экожүйе жетістіктерінің негізгі факторлары болып саналады. Бұл үшін тиісті заңнама қажет», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, IT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр.

«Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады. Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек. Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады. 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек», делінген Жолдаудың бірінші міндетінде.