Президент • 10 Қаңтар, 2018

Мемлекет басшысы: «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту керек екенін айтты.

Мемлекет басшысы: «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды

«ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады. Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек. Кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажет. Кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керек», деді Елбасы.

Ол Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі баламалы, «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екенін көрсеткенін айтты.

«Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 процентке жетеді. Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндетін қойдық. Қазір бізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді. Соларда 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірілді», деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды екенін атап өтті.

«Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек. Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді», делінген Елбасы Жолдауында.