Президент • 10 Қаңтар, 2018

Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсті

404 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті.

Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсті

«Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асты. Тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдануды тапсырды.

«Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет. Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, электр энергиясын, жылу мен суды тұтынуды қысқартып, табиғи монополистерді тиімді жұмысқа ынталандырады», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол сондай-ақ, заңнамаға, соның ішінде табиғи монополиялар саласын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қажет екенін айтты.

«Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек. Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет», делінген Елбасы Жолдауында.