Президент • 10 Қаңтар, 2018

Соңғы үш жылда жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса беретінін атап өтті.

Соңғы үш жылда жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды

«Көп жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді», деді Елбасы.

Ол мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналатынын айтты. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс.

«Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді», деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді.

«Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды. Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек», деді Мемлекет басшысы.