Медицина • 10 Қаңтар, 2018

Хат қоржын

507 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елден хабар

Хат қоржын

...мәселе көтереді

Қоғамдық көлікке зәруміз

Тараз қаласымен жапсарлас жатқан «Қазақ» деген ауыл бар. Аталған елді мекен тұрғындары ауыл ішінде оқушылар тасымалдайтын автобустың жоқтығынан қиындықты әлі де көріп келеді. Осы ауылда оқушылардың оқитын білім ошағы болмағандықтан ауыл балалары қалаға қарайтын №14 Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектепке қатынап оқуға мәжбүр. Сондықтан біздің ауылдың балалары екінші ауысымда білім алады. 

Осыдан бірер жыл бұрын ауыл тұрғындары қозғау салып, бұл аумаққа автобус жүргізгенбіз. Ол автобус та елдің жанайқайы басылған соң қатынауын тоқтатып, қарасын көрсетуді қойды. Қазір жүзден астам оқушы жаяу сабылады. Бұл аумаққа қаладан №29, №32 шағын автобустар қатынайды. Бірақ аталған екі қоғамдық көлік те ауылдың сыртымен өтіп кетеді. Қаладағы мектептен шыққан балалар №32 шағын автобусқа үлгерсе үлгереді, үлгермесе жаяу келеді. Осы мәселенің оң шешімі табылса дейміз.

Жұлдыз ТӨЛЕБЕКОВА,
қарт ана
Жамбыл облысы 

...жаңалығын жеткізеді

Жаңа мешіт ашылды

Ақмола облысының Бурабай ауданында жаңа мешіт ашылды. Кенесары ауылында ашылған мешіттің имамы Жасұлан Ертехалықтың айтуынша, ғимарат он бес айда салынып бітіпті. 1700-дей тұрғыны бар ауылдық округтің аумағында тұратын мыңға тарта исі мұсылман қауым мешіт құрылысына қолдан келген көмектерін көрсетіпті. Жаңа мешіт түгелдей халықтың өз қалтасынан шығарған қаржысына салынған. Үш бөліктен тұратын мешіттің ерлер намаз оқитын негізгі үлкен залына жүзге тарта адам сиятын болса, әйелдер бөлмесі отыз адамға шақталған. Айта кетерлігі, Кенесары ауылында мешіт жанынан таяу болашақта мұсылман дәмханасы да салынбақшы.

Аслан ОСПАНОВ

Ақмола облысы

...ой бөліседі

Қыз – елдің намысы 

Қазіргі заманда кейбіреулердің әке-шешесі қыздарының тәрбиесімен айналыспайтындай көрінеді. Қазақ қыздарының намысы тапталып, тіпті ақшалы адам – шетелдік болса, өзін шетелдікке сатып жіберетіндігі қынжылтады. Талай қара көзіміз қытайыңа, түркіңе тұрмысқа шығып жатыр... Сол түріктердің қыздарын Қазақстанда қазақ жігітімен жүргенін бір көрдіңіз бе? Әлде сол қытайдың бір қызын Қазақстанда қазақ жігітімен жүргенін көрдіңіз бе? 

Шетелдегі қандастарымыз «Мен өзім қазақпын, шетелде туып өстім, отбасымызда қыздарымызды тек қазаққа тұрмысқа бердік, не істесең соны істе, тіпті әйнектен секір, бірақ қазақтан басқаға тұрмысқа бермейміз», дейді екен. 

Бала кезімнен есімде, кешке анам бәрімізге аңыз, ертегі, батырлар жырын оқитын. Әйелдің бала тәрбиесіндегі ықпалы өте зор, дана ақынымыз Абайдың ақындығына Зере әжеміз игі әсерін тигізгені тарихтан мәлім. Бұл заманда әрқайсысымыз өзімізге: «Мен кімді тәрбиелеп жатырмын?» деген сұрақ қойғанымыз жөн сияқты...

Қымбат КЕРЕЙБАЙ 

Астана 

...пікір білдіреді

Сүйінші хабарға бәріміз қуандық 

«Егемен Қазақстан» газетінің әр нөмірін асыға күтіп отырамыз, өйткені барлық саланы қамтып ақпарат беріп отырасыздар. Елімізде болып жатқан оң өзгерістер, орын алып жатқан кейбір келеңсіз жайттар, дүние жүзіндегі ақуалдар туралы бас басылымнан оқимыз.

Өңірдегі меншікті тілшілердің өзекті мәселелерді қозғап, сараптама жасап жазған мақалалары қызықтырады. Сіздер шекарадағы ауыл, аудандардың ахуалдары жөнінде мәселе көтеріп, газет бетінде үнемі мақала беріп тұрдыңыздар. Үкімет пен жергілікті билік сіздер көтерген мәселеге мән беріп, жақында бұрын жабылып қалған Нарынқол ауданын ашуға шешім шығарыпты, бұл сүйінші хабарға бәріміз қуандық. 

Қазір қоғамымыздағы ең өткір де өзекті мәселе – білім саласы, мұғалімдердің беделі мен тәжірибе алмасуларын орынды деп санаймыз. Мектептің, мұғалімдердің беделін көтермей барлық саланың болашақта тоқырауға ұшырайтыны бәрімізге белгілі. Білім берумен қатар тәрбие мәселесіне де көп көңіл бөлу қажет. Мектеп басшылығына білімді, жігерлі, тәрбиелі ер-азаматтарды көптеп тартса оқушылар арасында білім алумен қатар тәртіп те дұрысталар еді.

Сүлеймен Мәмет пен Думан Анаштың білім саласы, мұғалімдер мәртебесі туралы жазған мақалаларын сүйсіне оқыдық. Айнаш Есали қарындасымыздың ізденісі, әсіресе қызылордалық фотографтың осыдан 30-40 жыл бұрын түсірген танымал тұлғаларымыздың фотосуреттерін сұрап алып « Егемен Қазақстан» газетіне бастыруы өте әсерлі шықты. 

Қабыланбек МЕЙІРБЕКОВ 

Тараз 

...ұсыныс жасайды

Әлмерек есімі әспеттелсе

Атақты әз Тәуке ханның уәзір дәрежесіндегі билерінің бірі болған әз Әлмерек жөнінде көп айтылды, жазылды және зерттелді. Міне, сондықтан 2001 жылы оның ескі қорған бейітінің үстіне жаңа кесене салынды. Қазір бұл жер адамдар келіп зиярат етіп, Алла тағаладан жақсылық тілейтін қасиетті орынға айналған. 

Хандық дәуірдегі атақты «Жеті жарғыны» қабылдаған әз Тәуке ханның «Хан кеңесіне», «Билер кеңесіне» және «Молда-ишандар мәслихатына» қатысып, сол заманның мемлекеттік маңызы бар мәселелері жөнінде әз Әлмерек өз ойын ашық айтып отырған. Ал Түркістандағы екінің бірі бас сұға алмайтын «Хан мешітіне» Әлмеректің кіріп, намаз оқып, халқы үшін Құдайдан тілек тілеп, мінәжат етуі – оның «Әулие би» дәрежесіне көтерілгенін дәлелдейді. 

Албан еліндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің көсемдері Ұзақ, Әубәкір, тағы да басқалар Әлмеректің батыр ұрпақтары еді. Әлмерек тарихи тұлға, жоңғар шапқыншылығына қарсы қол бастаған батыр, аты ел ұранына айналған қасиетті кісі ретінде ұлттық энциклопедияға кірген. Міне, сондықтан осыдан біраз жыл бұрын Әлмерекке Алматы облысындағы бір ауданның атын беріп, оған ескерткіш орнату жөнінде бастама көтерілді. Олай болса осындағы тау бөктерлері Әлмеректің жаз жайлауы болған Еңбекшіқазақ ауданының атын Әлмерек деп өзгертсе құба-құп болар еді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белгілі тұлға, әулие абызға аудан аты беріліп, оған ескерткіш орнатылып жатса бұл бір айтары жоқ игілікті іс болар еді.

Ораз ҚАУҒАБАЙ,
жазушы